Хабар телеарнасы

Түркістандағы әуежай құрылысшылары ақшасын ала алмай отыр

Жұмыс берушінің тұрғындар алдындағы берешегі бірнеше миллион теңгеден асады. Іс тіпті сотқа да жетуі мүмкін.

Бұл өздеріне тиесілі ақ-адал ақшасын ала алмай жүрген жергілікті кәсіпкерлер. Олар наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген «АБС» деген қосалқы мердігер компаниямен келісімшартқа отырып, өз техникаларын жалға берген. Соның нәтижесінде 30-дан аса тұрғын жұмыспен қамтылған. Қосалқы мердігер алғашқы айларда жартылай болса да, ақысын төлеп отырған. Ал соңғы 3 айдың көлемінде соқыр тиын да татырмапты. Жұмыс әлдеқашан біткен.

Сәкен Айнабаев, жеке кәсіпкер:

-Менің екі эксковаторым жұмыс істеді, күндігіне 80 мың теңгеге келісіп келгенбіз. Бірінші 1 млн теңге аударып берді. Уақыт өте тағы бір аударды. Одан кейін төлем болмады. Тоқтап қалды. Содан бері күніге келесі апта, ертең, арғы күні деп, әлі созып келе жатыр. Маған 3,5 млн теңге қарыз. Жүргізушілерім де айлық алмады. Бала-шағасы бар. Олар менен сұрайды, мен бұлардан сұраймын.

Ағабек Молдабаев, жүргізуші:

-Эксковатор айдағам, сол екі айлық көлемінде 550 мың ақшамды бермей жатыр. Осы жерде тұрған кісілерге біреуіне 10 млн, біреуге 5 млн, жалпы 40 млн теңге мердігер компания қарыз.

Әрқайсысының қолында ресми келісімшарт пен атқарылған жұмыстың есебі бар, оннан аса кәсіпкер мен отыз шақты жұмысшы алаяқ мердігердің уәдесіне әбден тойған. Тіпті маңдай тер, еңбекақысын сұрап хабарласқандардың телефонын көтермейді. «Көтерсе де, марымды жауап ала алмаймыз», - дейді ашынған тұрғындар.

Халықаралық әуежайдың бас мердігері – түріктің «ИДА ИНШААТ» компаниясы. Облыстық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, оның құрылысшылар алдында ешқандай қарызы жоқ. Бар мәселе қосалқы мердігер «АБС» компаниясынан шығып отырғанын айтады.

Ролан Ибрагимов, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

-Зерттеу барысында анықталғаны «ИДА ИНШААТ» компаниясында «АБС» деген астаналық компания қосалқы мердігер болған. Олардың арасында ешқандай берешек жоқ. Яғни «ИДА ИНШААТ» компаниясы қосалқы мердігерге атқарылған жұмыс актісіне сәйкес барлық қаржысын төлеген. Алайда «АБС» компаниясы басқа да мекемелерді жұмысқа тартқан. Ол өз тарапынан келісімшарттың міндеттемелерін, қызмет көрсеткен адамдарға қаржысын бермей отырғаны анықталды. Біз олармен байланысқа шықсақ, жауап бермейді.

Белгілісі алаяқ компанияның басқа да мекемелер мен серіктестіктерге 150 млн теңге қарызы бар екені анықталды. Бұндай жағдайда жергілікті билік кәсіпкерлерге көмектесе алмайтынын айтады. Себебі зардап шегушілер үшінші тарап: «Олар қосалқы мердігермен келісімшартқа отырған. Сонықтан мұны тек сот арқылы ғана шешуге болады», – дейді.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы