Хабар телеарнасы

Қарағанды облысы Ленин шахтасындағы апаттан 5 адам қаза тапты

Бақытжан Зәйкешованың екі ұлы да осы кен орнында жұмыс істейді. Екеуі де кеше жұмысқа кеткен.   

Бақытжан Зәйкешова, Ынтықбековтардың анасы:
- Екінші ұлым осында істейтін Ынтықбеков Мағжан, соны қайда деп іздеді. Қаза болғандар айтылған жоқ. Астында қалғандарды телефонға жазыпты. Басқа ештеңе айтпай тұр ғой. Түнде 12-де кірген. 

Жүрегі қарсы айырылған ананың Мағжан атты ұлы дін аман. Бірақ бұл көңілге медеу болған жоқ. Себебі қайтыс болғандардың тізімінде үлкен ұлы Марғұлан бар екен. Ол небәрі 26 жаста еді. 

Мағжан Ынтықбеков, марқұмның інісі:
- Отбасы бар ма еді?

- Жоқ.

- Қанша ай болды осында істеп жүргеніне?

-3-4 ай болған.

Өзің де осында істейсің ба?

-Ия.

Неше бала бар отбасында

-3.

Ол үлкені ма? 

- Иә. 

Апат жайлы ақпарат құтқару қызметіне түнгі сағат үш шамасында келіп түскен. Оқиға орнына 6 бөлімшенің 35 құтқарушысы аттаныпты. Оған дейін жер астындағы 101 кенші жер үстіне шығарылған.

Жұмат Өкенов, «Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі» ЖШС ҚОФ директорының орынбасары: 
- Жер астына түсіп, барлау жұмысын өткізіп, ең бірінші мерт болған 3 адамды таптық. Одан кейін 1 сағаттан кейін қалған екі адамды таптық. Барлығы 5 адам мерт болған. Олардың жұмыс істеген өз орындары болған. 

Ал зардап шеккен 4 кенші Мақажанов атындағы клиникада жатыр. Екеуінің жағдайы ауыр. Оларға операция жасалды. Қалған екі кенші токсикология бөлімшесінен палатаға ауыстырылды. Жағдайлары қалыпты. Кен орнындағы өрт ошағы сөндірілгенімен, түтіндеп бықсып жатыр. Сондықтан апат салдарын тексеретін сарапшылар кен орны толық қауіпсіз болған кезде ғана түседі. 

Юрий Ильин, ҚР ТЖ министрі:
- Жарылыс болған. Артынша тұтанған. Нақты себебі жайлы айтуға әлі ерте. Газ консентрациясы шамамен 5% жеткен. 4-10% аралғында болса бұл өте қауіпті деген сөз. Жарылысқа да осы себеп болған.

Қаза болған кеншілердің отбасына қазір психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Алдағы уақытта оларға келісім шарт негізінде толық көлемді көмек қарастырылған.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
-Кеншілердің 10 жылдық айлығы беріледі. Қарыздары болса төленеді. Компания ұсынысы бойынша әр отбасыға 1 пәтер алынатын болады. 

Еске салсақ, тамыз айында өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Ленин атындағы шахтаны тексеріп, 171 тармақ бойынша талаптардың бұзылғанын анықтаған. Кен орнының атауына қарап-ақ, оның құрал-жабдықтарының қаншалықты жаңартылғаны жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Себебі бұл Ленин шахтасындағы алғашқы апат емес. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші: 
Еске сала кетсем, тура 16 жыл бұрын дәл осы Ленин шахтасында қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзу салдарынан газ-метан жарылып, салдарынан 41 кенші қаза тапқан болатын. Қайғылы оқиға шамамен 620 метр тереңдікте болған еді. Қайғылы оқиғада газ-метан таралып отыр. 5 кенші қаза тауып отыр. Қайғылы оқиға сол кезден 200 метр тереңдікте, яғни 830 метр тереңде болған.  

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар