Алматыда өрттен 13 адам қаза тапты
Қайтыс болғандардың екеуі Ресей азаматы, екеуі Өзбекстаннан келген. Тоғызы – қазақстандық. Өртке қатысты қылмыстық іс тіркелді. Алматы полициясы өрт шыққан хостелдің иесін іздестіріп жатыр. Қызыл жалынның шығу себебі арнайы зертханалық тексеруден кейін анықталады. Он үш адамды құтқарып қалуға не кедергі болды?
Баспана мәселесі бас ауруға айналған Алматыда соңғы уақытта хостелдер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейгені анық. Бағасы қалтаға сай болған соң сырттан уақытша жұмыс істеуге келгендер немесе студенттер көбіне хостелдерге табан тірейді. Бірақ олардың қауіпсіздігі назардан тыс қалып жатады.
Бүгінгі болған өрт те соның дәлелі. 1,5 ай бұрын ғана ашылған бұл хостел бұрын дүкен болған. Қайта жабдықтау туралы рұқсат құжаттары болмаған. Мараторийге тілсіз жау туралы суыт хабар таңғы 5:33-те түскен. Бұл уақытта тұрғындардың дені шырт ұйқыда жатқан. Мамандар мараторийға байланысты бұл ғимаратты тексере алмағанын айтады.
Бақытжан Наурызбеков, қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы:
-Бұл нысанның хостел ретінде жұмыс істеуге ешқандай рұқсаты болмаған. Себебі нысанның мақсатты қолданылуы дүкен ретінде көрсетілген. Санитарлық-құрылыс нормаларына сәйкес жертөледе хостел ашуға тыйым салынған.
Хостелде тұрып жатқандардың біразы жұмыс істейтін жастар, араларында Алматыдағы әртүрлі жоғары оқу орындарының 12 студенті бар. «Олар жатақхана керектігі туралы оқу орнына өтініш бермеген деді»,— бүгін брифинге қалалық жастар саясаты басқармасының өкілі. Бұл түні мұнда 72 адам болған. 59 адам өрт кезінде өздері сыртқа шығып үлгерген.
Ахмед Файз Ахмед әл-Гобаи, студент, (Йемен):
-Дабылдан ояндық. Төлқұжаттарымыз бен сырт киімдерімізді алып үлгердік. Мен бірінші қабатта жататынмын. Жертөледе не болғанын білмеймін, өрт неден шыққанынан да хабарсызбын. Аман қалғанымызға қуандық.
Арсен Асылбеков, куәгер:
-Екіде ұйықтап қалдым, ояндым, мені оятып жіберді, астыға құладым.Түтін, от, шығу қиын болды, біз енді ғана жанып жатқан кезде шыққанның өзінде бізге шығу оңайға соқпады. Ұйықтап жатқан адамдарда мүмкіндік болмады.
Ғылым және жоғары Білім министрлігі өрт шыққан хостел ешқандай жоғары оқу орнымен келісімшарт жасамағанын мәлімдеді. «Тұрғындар өз еркімен орналасқан»,— дейді. Өрттің шығу себептерін тексеру үшін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов басқарған жедел топ Алматыға келді. Қазір арнайы комиссия құрылып, өрт себептері анықталуда. Ал аталған хостел толықтай жұмысын тоқтатады.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
-Тексеру барысында аталған ғимараттың қолданылуына жауапты азаматтар анықталатын болады. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ол жерде болмаған, себебі хостел базада тіркелмеген. Бүгін сол жерге барғанда өрт сөндіру құралдарын көрген жоқпын. Бұның өзі өрт қауіпсіздігін сақтау талаптарын бұзу болып саналады.
Оқиға орнына барған қала әкімі Ерболат Досаев марқұмдардың туыстарына көңіл айтты. Әкімнің тапсырмасы бойынша қаза тапқан Қазақстан азаматтарының туыстары 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек алады. Әкімдік жерлеуді ұйымдастыруға және қаза тапқандардың денелерін туған жерлеріне жеткізуге көмектесетінін мәлімдеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон, Әбен Нарымбаев