Жамбылдағы жол апаты: 4 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Күні кеше Жамбыл облысында болған ірі жол апатына түскен 4 адам әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың бірі санавиация бортымен облыс орталығына жеткізілді. Жағдайы ауыр болғандықтан, ақхалаттылар оған операция жасамақ. Ал ауруханаға жалпы 26 адам жеткізілген. Арасында иық буыны созылған 1 жастағы бүлдіршін де бар.
Ал Нұрлыкент ауылында ұйымдастырылған жылыту пунктінің көмегіне 57 адам жүгініпті. Бүгінде барлығы пойыз, автобустармен үйлеріне жіберілді. Алдын ала болжам бойынша апат тас жолда тайып кеткен жеңіл көліктің кесірінен болған. Артынша бір бағытта келе жатқан 25 автокөлік бірінің артына бірі соғыла берген. Оқиғаға байланысты сараптама тағайындалды. Қазір ауа райының қолайсыздығына байланысты Тараз-Шымкент бағытындағы жол әлі де жабық.
Айнұр Оспанова, жолаушы:
- Түсінбей қалдық ұйықтап жатқанбыз. Бірден коробканың бәрі құлады да, ішінде қалдық. Тұрамыз, не болды десек? Камаз келіп соқты, біз кінәліміз, камаз деп сөйтті. Одан кейін әрі қарай білмейміз.
Толқын Өмірбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Амбулаториялық көмек көрсетілгендердің әр түрлі тізе, қол-аяқ, кеуде қабырғалары сынған. Әртүрлі көгерген түрлі жарақаттар алған. Санитарлық авиация арқылы тиісті мамандар барып, медициналық көмек көрсетті
Жалпы қыс басталғалы бері елімізде республикалық және облыстық жолдар 1 мың 315 рет жабылған. Жолда қалған 9 мыңнан астам адам құтқарылып, 1 мыңнан аса көлік қар құрсауынан шығарылыпты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Айтуларынша, оқыс оқиғалардың көбі ескертуді елемей, жолға шыққан көліктердің кесірінен болады.