Осы мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде білім гранттарының саны арттырылып, 12 жекеменшік IT мектеп ашылған. Содан шыққан түлектер еліміздегі цифрландыру ісіне тартылады. Қазір мемелекеттік қызметтердің 90% электронды түрде жүргізіледі. Ірі қалаларда 5G технологиясы қосылады деп жоспарланған. Экономика, бизнес сектордың да сандық жүйеге көшуі белсенді. Демек ІТ мамандарға деген сұраныстың артатыны анық. Қазіргі әрекет - соған қамдану.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-ІТ саланы дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты саналады. Бізде Astana Hub құрылған. Қазір онда 900 компания бар. Олар отандық және шетелдік сұраныс бойынша жұмыс жасауда. Мен жуырда АҚШ-қа жасаған сапарым аясында сондағы IT алпауыттарының басшыларымен кездестім. Жақында олар бізде өз өкілдіктерін ашуы мүмкін. Қазақстан цифрлық технология саласында белді ойыншы болуды мақсат етуде.
Айта кетейік «Digital Bridge 2022» – жыл сайын өткізілетін IT саласындағы ең ірі іс-шара. Форумда технологиялар саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар, IT-компаниялар мен стартаптар, венчурлық инвесторлар, технологиялық кәсіпкерлер бас қосады. Биыл оның жұмысына 5 мыңға жуық қонақ жиналды.