БҰҰ Қазақстанның бітімгерлік әскеріне жылына $5 млн жұмсайды
5 млн АҚШ доллары. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанға бітімгерлік әскерін жібергені үшін жылына осынша көлемде қаражат төлейді. Сенат тиісті меморандумды ратификациялады. Құжатқа сәйкес 2,6 млн доллар техниканы, қару-жарақты және мүлікті пайдаланғаны үшін мемлекеттік бюджетке аударылады. Қалған бөлігі жеке құрам яғни шиеленісті аймақта қызмет еткен жауынгерлердің өзіне түседі. Бір адамның ай сайынғы өтемақысы 1448 доллар деп бекітілген. Сондай-ақ Қазақстан тарапынан әр әскериге осыған дейін алып жүрген айлығының үш еселенген көлемі төленеді. Депутаттар бүгінгі күн тәртібінде резервтегі әскери қызмет туралы заңды да мақұлдады.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстан БҰҰ бітімгерлігіне алғаш 2014 жылы қосылғаны белгілі. Сол уақыттан бері еліміздің әскери қызметшілері Ирак, Ливан, Батыс Сахара, Орталық Аврика Республикасы басқада шиеленіс аймақтарында ал былтырдан бері Голан жотасында бітімгерлік міндеттерін атқарып келеді. Ұсынылып отырған заңдар бітімгершілік операцияларына қатысатын барлық елдер үшін ортақ үлгіде әзірленген.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Резервтегі әскери адамдардың мәртебесі, олардың құқықтары мен міндеттері айқындалды. Әскери қызметін резервте өткеретін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі де реттеліп отыр. Мақұлданған заң Қарулы Күштеріміздің әлеуетін және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.
Сенаторлар сондай-ақ гидротехникалық нысандардың жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп Үкімет басшысына сауал жолдады. Соңғы үш жылда 729 нысанды тексеру, зерттеу жоспарланған. Депутат Андрей Лукин бұл жұмыстар тек қағаз жүзінде ғана атқарылған деп ашынды. Кей құжаттарда тіпті жауапты тұлғалардың қолы қойылмаған. Оның айтуынша, осылайша уақыт өткен сайын қолданыстағы су қоймалары үлкен қауіптің көзіне айналуда. Жаңадан салынған нысандарға қатысты да былық көп. Құрылыс бойынша тапсырысты ұтқан компаниялар қосымша мердігерді жалдаған. Соның өзінде жоспарланған жұмыс толық көлемде атқарылмапты.
Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Осылардың бәрін ескерер болсақ, гидротехникалық нысандардың маңындағы ауыл мен қала халқының өміріне қауіп төнуде. Сондықтан барлық су қоймаларын тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып зерттеу қажет. Ал одан кейін апатты деп танылғандарын шұғыл жөндеуге кіріскен жөн. Апаттың болғанын күтпей алдын алу ісін пысықтаңыздар.