Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасы мақұлданды

  • 302
  • 09.04.2025, 18:43

Қосымша құн салығы 16%, ал оның шегі 40 млн теңге болды. Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырған Жаңа салық кодексінің жобасы мақұлданды.  Мәжілістегі бүгінгі отырыс 4 сағатқа созылды. Бірақ мәселе де ауқымды. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

-Бірінші – қосылған құн салығы 16% болады. Екінші – қосылған құн салығының шегі. Қосылған құн салығы бойынша шек 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді.

Салық кодексінің жаңа жобасында Мәжіліс депутаттарының ұсыныстары ескерілген. Кеше ғана AMANAT фракциясы көтерген бастамалар бүгінгі жобада айқын көрініп тұр. . 
 
 Жаңа салық кодексінің жобасы бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға қосымша құн салығы салынбайды. Атай айтқанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, кітап шығару және археология саласы қосымша құн салығынан босатылған. 

Денсаулық сақтау саласында Үкімет салықтың бұл түрінен босатылатын дәрі-дәрмектердің  әлеуметтік тізімін жасайды. Ал ақылы медициналық қызметтерге 10% қосылған құн салығы салынады.   

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

-Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады. Бесінші – банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Олардың бағасының өсуіне жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп ағымдағы бағалардың дұрыстығына талдау жүргізеді. Алтыншы – арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі. Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі.

Айта кету керек, Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше үй жанындағы дүкен және шаштараз иелері мен халықпен жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлер үшін алаңдауға еш себеп жоқ. Бірақ бай-бағландарға ойлануға тура келеді. Себебі «сән-салтанат салығы» деп аталатын тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салу ұсынылып отыр. Заң жобасына қатысты депутаттар әрқилы пікір мен ұсыныстарын білдірді. 

Еділ Жанбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  

-Салық кодексінің жобасына қоршаған ортаны қорғау мен ластанушы заттарына ставкалар екі есеге азайған және өз төлемақыларының ставкаларын екі есеге дейін көтеру құқығы жергілікті маслихаттарға беру ұсынылған. Парадокс, Үкімет экологиялық төлемақыны екі есе азайтады. Ал керісінше медицинаға қосымша құн салығын енгізеді. Меніңше, медицинаға жеңілдік жасау керек.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Менің сұрағым, осы ҚҚС көтеруден бюджетке нақты қанша қаражат түседі?  

Жауап: 2,8 трлн түседі, ҚҚС 16 пайызға түседі. Жеңілдіктерді азайтсақ, 1,3 трлн түседі. Осал топтарға цифрлық карта арқылы көмек көрсетеміз. Қандай көмек бар қазіргі уақытта. Керек болса, зейнетақыны инфляцияға көбейтеміз. Біздің міндетіміз бар. Ол деген бюджеттік кодексте көрсетілген. Сол себептен де ешқандай банкқа, ешқандай темекі шығаратын компанияларға біз арнайы көмек жасап жатқан жоқпыз. Біз бизнеске көмек жасап жатырмыз. 

Жаңа заң жобасына жиынға қатысқан 93 депутаттың 76-ы өз қолдауларын білдірді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, салық-өте сезімтал сала. Сондықтан бұл заң жобасы бизнес үшін де, халық үшін де тиімді болуы керек. 

Алуа Маханбет, Аманжол Байғазин.