Мәжіліс депутаттары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта бірқатар өзгеріс бар. Мәселен, жұмыссыз азаматтар үшін қызмет шығынын жергілікті әкімдіктер өтейді, ал 2027 жылдан бастап мемлекет жарнасының мөлшері біртіндеп арттырылады. Нәтижесінде медициналық сақтандыру жүйесі жетілдіріліп, қаржылық тұрақтылығын қамту көзделіп отыр.
Мәжіліс депутаттарына заң жобасын таныстырған денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құжатты іске асыру бірнеше кезеңнен тұратынын атап өтті. Нәтижесінде, медициналық көмектің бірыңғай пакетін құру ұсынылды. Жобадағы нақты көрсеткіштерге қол жеткізу келер жылдан бастап іске аспақ.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін арттыру ұсынылады. Бұл өзгерістер барлық жалдамалы жұмысшылар мен оларға жұмыс берушілердің шамамен 9%, яғни 508 мың адам көлемінде әсер етеді. Себебі қазіргі кезде табысы жоқ адамдар пропацианалды түрде аз төлейді. Заң жобасында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыздар мен халықтың осал топтары азаматтары 2026 жылы МӘМС есебінен қосымша бір миллионға жуық адам қамтылады деп күтілуде.
Жұмысы жоқ және дағдарысқа ұшыраған азаматтар үшін жергілікті бюджеттен жарна салудың да әзір нақты ережесі жоқ. Депутаттар: «Мұнда әділдік қажет»,– дейді. Себебі қаржыландыру жағынан өңірлерді бір-бірімен салыстыруға келмейді.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Мысалы, Атырау облысында жалақы орташа республикалық мөлшерден екі есе асады. 624 мыңнан асады. Ал осындай категориядағы азаматтардың саны 2-ақ пайыз. Ал керісінше, мысалы, Түркістан облысында орташа жалақы 300 мыңға дейін жетпейді. Ал енді осындай азаматтардың саны 18 пайыз. Сонда бізде әртүрлі сомалар төленеді. Бірақ медициналық қызметтер бірдей болуға тиісті. Неге жергілікті және республикалық бюджеттер үшін біріңғай есептеу объектісін белгілемеске?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде елдегі 4 өңірде ғана жалақы жоғары, қалған 16 аймақта төмен. Сондықтан әр облыс өздеріндегі орташа жалақы бойынша жарнапұл төлеуі тиіс деп санайды. Ал МӘМС жүйесіне республикалық бюджеттен түсетін мемлекеттік жарналар мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ. Дегенмен заң жобасында алғашқы медициналық санитарлық көмек қызметтерін кепілдендірілген тегін жәрдем санатынан алып тастау ұсынылып отыр.
Жанарбек Әшімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Министрліктің ақпараты бойынша бізде 3,3 миллион адам сақтандырылмаған азаматтар қатарында. Мұндай жағдайда олар медициналық көмек ала алмайды. Әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізіміне кірмейтін азаматтарға, мысалы, қант диабеті немесе қамқоршылық жеткіліксіздігі бар пациенттерге қалай көмек көрсетіледі?
-Ең бастысы бастапқы медико-санитарлық көмекте көрсетілетін базалық пакеттің ішіндегі қызметтерді анықтап, тиісті қаражатты белгілеп, бүгінгі таңда Үкімет тарапынан тиісті қолдау тапты.
Отырыс барысында халық қалаулылары медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінде әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу қызметтерін сақтау қажеттігін көтерді. Бұл туберкулез, созылмалы вирусты гепатит және өзге де дертке шалдыққан адамдарға тегін медициналық көмектің толық спектрін алуға кепілдік бермек. Әрі әдеттегіше емханаға келген азаматқа кеңес беріп, қызмет көрсету де өзгеріссіз қалады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин