Премьер-министр Олжас Бектенов Shell компаниясы барлау және өндіру бөлімшесінің басшысы Питер Костелломен кездесті. Оған Қазақстандағы концерннің аға вице-президенті әрі төрағасы Әли әл-Жанаби мен Намибиядағы барлау жөніндегі вице-президент Сюзанн Куган да қатысты. Тараптар бірлескен мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру жайын талқылап, жылына 2,5 млрд текше метрге тең газ өңдеу зауытын салу жоспарын қарады. Shell Қазақстанда мұнай-газ саласында бірқатар ірі бастаманы іске асыруда. Оның ішінде Каспий құбыры консорциумы, Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобалары бар. Сондай-ақ Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысын жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Қашаған кен орнын игеру жұмыстары да сөз болды.