Қазақстанның ТМД елдерімен алыс-берісі 37 млрд доллардан асты

  • 131
  • 05.06.2025, 18:37

Қазақстанның Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдермен алыс-берісі 37 млрд доллардан асты. Еліміз бұл көрсеткішті ұлғайтуға мүдделі. Бұл туралы Душанбеде өтіп жатқан ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеп, экономиканың өсіміне серпін беретін ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, электронды сауда саласы. Былтыр елімізде e-commerce көлемі $6,2 млрд болған. Достастық шеңберінде инфрақұрылымдық базаны дамыту, бизнесті қолдау тетіктерін жетілдіру шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты нығайтып жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан аумағында іске асырылатын аса маңызды жобалар атап өтілді. 

Сонымен бірге 2027 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілетін екі есе арттыруы тиіс Трансқазақстандық теміржол дәлізін кеңейтуге, Астананы еліміздің батыс өңірлерімен және халықаралық бағыттармен байланыстыратын «Орталық-Батыс» күре жолын салуға бағытталған «Солтүстік-Оңтүстік» шығыс бағытын дамыту жөніндегі кешенді жол картасы талқыланды. Бұл жобалар қазақ Президентінің ТМД-ға мүше мемлкеттер аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы жайлы бастамасын іске асыруда маңызды элементтері. Бұдан бөлек, ауыр машина жасау саласын дамыту, жеңіл өнеркәсіп кооперациясы, цифрлық даму, халықтың денсаулығын сақтау саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасы сынды бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.