Қазақстан Конституциясы Брайль қарпімен жазылған санаулы елдердің қатарында. Алматыдағы республикалық зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапханада да, Ата заңымыздың нүктелі нұсқасы екі тілде қолжетімді. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың өзгелермен тең дәрежеде ақпарат алып, заң жүзінде өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына қол қойған. Бұл құжатқа сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа тең қол жеткізуі қамтамасыз етілуі тиіс. Осы мақсатта былтыр Конституциялық соттың қолдауымен үлкен жоба қолға алынып, Ата заңымыз Брайль нұсқасында екі тілде жарық көріп, арнайы метептер мен кітапханаларға таратылған болатын.
Асхат Байұзақов, республикалық зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхана директоры:
-Қазіргі таңда біздің қорымызда екі тілде де басылып шығарылған даналары бар. Қолданыста. Ата заң деген әр азаматтың бүгінгі таңдағы біздің бас құжатымыз екенін белгілі. Біз өзіміздің үлесімізді қостық десек те болады. Қазақ тіліндегі нұсқасын әріптестер, кітапханашылар Брайль қарпінде даярлап бергені бар.
Кітапхана қызметкерлері де Ата заңды күктелі тактильді нұсқада дайындап шығарған. «Жұмсақ» түптемедегі бұл баспа да зағип жандардың сұранысына ие. «Ата заңның қолжетімді болуы мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне толыққанды араласуына зор мүмкіндік»,– дейді қала тұрғындары.
Нүрия Баймұратова, республикалық зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхана қызметкері:
-Қазақ тілінде біз өз үлесімізді қосып, сол мәтінді редакциялап, корректорлап берген болатынбыз. Біздің Ата заңымызда мүгедектігі бар жандарға арналған тараулар бар. Біздің тек құқықтарымыз бар деген. Сол өте маңызды деп ойлаймын. Осындай біз сияқты жандарды ұмытпай бізге осындай жағдай жасап отырған мемлекетімізге рақмет.
Алматыдағы Республикалық зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхананың үш мыңға жуық оқырманы бар. Алдағы уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен қолға алынған «100 кітап» жобасы бойынша да қазақ әдебиетінің бірқатар жауһарларын Брайль қарпінде басып шығару жоспарланып отыр.
Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев