Конституциялық Сот құрылғалы 11 мың өтініш түсті

  • 42
  • 27.08.2025, 18:32

11 мың. Конституциялық Сот құрылғалы оның қарауына осынша өтініш түсті. Ата-заңның 30 жылдығы қарсаңында аталмыш мемлекеттік органның қызметіне бір шолу жасадық. Қаралған істердің басым бөлігі қылмыстық, қылмыстық-атқару, әкімшілік, салық, азаматтық, жер және әлеуметтік кодекстердің нормаларына қатысты екен. 

Конституциялық Сот. Әлемдік тәжірибеде ол алғаш рет 1920 жылы Австрия мен Чехословакияда құрылыпты. Кейіннен Еуропаның басқа мемлекеттерінде, соңғы жылдары посткеңестік елдерде пайда болған. Ол не үшін қажет?

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Соты төрағасының орынбасары:

- Конституциялық Сотты адам құқығын қорғаудың қосымша құралы ретінде қарастырған жөн. Заңгерлердің арнайы зерттеулерінде ол макромәселелерді реттейтін орган деп қарастырылады. Бір шешім арқылы бір ғана адамның емес, мыңдаған адамның сондай құқықтық жағдайға түскен құқықтары қорғалады. 

Қарапайым тілмен айтқанда бұған дейін қабылданған заңдар мен нормалардың дұрыс, өз орнымен қолданылуын, конституцияға сәйкестігіне баға беретін орган. Ол 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ресми түрде қайта жұмысын бастады.

Сол жылы жаңа мемлекеттік органға 5 мың 300 өтініш түсіпті. Былтыр бұл көрсеткіш 3 мың 750, биылдың өзінде 2 мың 700-ге жетіпті. Шағымдарды қарау нәтижесінде қазірге дейін 400-ден астам қаулы қабылданған. 

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Соты төрағасының орынбасары:

-Конституциялық Сотқа кез келген адам жүгіне алады. Оны қараудың тәртібі белгіленген. Ондай өтініштердің көбі алдын ала қаралады. Сосын судьялармен қаралады. Мемлекеттік органдардың пікірі тыңдалып түпкілікті шешім қабылданады. 

Конституциялық сот өтініштерді қарау нәтижесінде 65 құқықтық норманы Ата заңға сәйкес келеді деп тауыпты. Ал 20 норманың конституцияға сәйкес келмейтіндігі анықталған. Қазір бұл құқықтық шешімдер заңнамаға белсенді енгізілуде. 

Конституциялық реформалардың ел дамуына тигізген әсері бүгін Асатанда өткен халықаралық сарапшылық кездесу аясында да талқыланды. Жиынға жетекші заңгерлер, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен Парламенті депутаттары қатысты.

Николай Арсютин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы уақыт ішінде Конституциялық Сот өзінің маңыздылығын және тиімділігін көрсетті деп баға беруге болады. Оның шешімдері тікелей орындауға жатады. Бұл азаматтар үшін тағы бір жаңа мүмкіндік. Осындай органның бізде болуы әрине заң үстемдігін қалыптастыруға оң әсер етеді. 

3 жылға жуық уақыт ішінде Конституциялық Сот 11 мың өтінішті қараған. Шағымдардың жартысынан астамы облыстардан түсіпті. Қалғаны елорда мен Алматы тұрғындарынан келген. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов