Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының халықаралық авиациялық хаб құру жөніндегі міндеттері шеңберінде Астана қаласының халықаралық әуежайын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиын барысында Премьер-министрге Астана әуежайының ұшу-қону жолағын жоспарлы жөндеу мерзімінің аяқталғаны туралы баяндалды. Жүргізілген жұмыстар инфрақұрылымның сенімділігі мен ұшу қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әуе айлағының материалдық-техникалық базасын одан әрі реконструкциялау және нығайту жоспарлары туралы хабардар етті. Жобада жаңа ұшу-қону жолағын салу, перрондар мен терминалдарды жөндеу, техникалық құралдарды жаңарту сынды жұмыстар қарастырылған. Одан бөлек, логистикалық кешендер, қоймалар, қонақүйлер, кеңселер және әкімшілік ғимараттарды қоса алғанда инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр.