Еліміз АҚШ-пен сомасы 17 миллиард доллардан асатын келімдерге қол жеткізді. Құжатқа Ақ үйде өткен С5+1 форматындағы саммитте қол қойылды. Орталық Азия елдерінің басшылары бас қосқан алқалы жиынның маңызы неде? Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың кездесуі екі елге не береді? Бұл Қазақстанның геосаяси әлеуетіне қаншалықты әсер етеді?
Бұл Президенттің биылғы күздегі АҚШ-қа жасаған екінші сапары. Бұған дейін қыркүйекте Нью-Йоркке ат басын бұрып, мұхиттың арғы бетінде құны 5,2 млрд доллар болатын 11 келісім жасағаны есте. Ол кезде Amazon Kuiper, ExxonMobil, Chevron, Wabtec сынды америкалық алпауыт компаниялар елдегі көлік, энергетика, логистика, ақпараттық технология саласын жетілдіретіні белгілі болған. Бұл жолы келіссөздер саяси сипатқа ойысып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы келісімді аса маңызды минералдар саласынан бастады. Сарапшылардың айтуынша, келісім нарықтағы сұраныс пен бәсекенің қызған шағында орын алған. Демек, АҚШ әлі де Қазақстанның шикізат өндірісіне қызығулы.
Әлібек Тәжібаев, «Еуразиялық мониторинг» сараптамалық зерттеулер орталығының директоры:-Бірінші кезекте АҚШ үшін Қазақстанның геологиялық барлау, атап айтқанда сирек жер металдарын өндіру және қайта өңдеу туралы келісімді дамытудың маңызы зор. Қол қойылған вольфрам келісімі АҚШ экономикасын қытайлық серіктестерінен тәуелсіз етуде ерекше орын алады. Бізде әлемде сирек кездесетін вольфрамның қоры мол. Сондықтан осы бағытта еліміз өзін жетекші тарап ретінде көрсете алады және бұл Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін.
АҚШ – Орталық Азия экономикасының ең ірі инвесторы. Тәуелсіздік алғаннан бері өңірге қаржы құюды толастатқан емес, дені мұнай-газ саласына тиесілі. Орталық Азия енді өндірістік технология үшін де бәсекеге түспек. Өйткені кен орындарындағы өндірістің күрделенуі, шикізатты барлау жұмыстарының қиындауы келешек нәтижеге әсер етуі ықтимал. Ал Ақ үй басшысы Орталық Азиядағы көлік-логистика бағытын жандандыруға ниетті. Қырғызстан мен Өзбекстандағы балама теміржол бағыттарымен қатар Қазақстан ұсынған Орта дәлізді басты назарға алып отыр. Трамптың екінші президенттік кезеңінде, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан өзінің көлік-логистикалық хабын құруға тырысып келеді.
Мирас Жиенбаев, Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының кеңесшісі:
- Біз авиацияны қоса алғанда түрлі бағыттар бойынша үлкен қадам жасадық. Қазақстан ұшақтар сатып алады, бұл бізге жақын арада екі ел арасында тікелей тұрақты әуе қатынасын орнатуға мүмкіндік береді. Қазақстан азаматтары АҚШ-қа жиі қатынайтынын ескерсек, бұл үлкен нәтиже. Бұл сыртқы саясат үшін де маңызды.
Қазақстан АҚШ-пен байланысты тек мұнай-газға негіздемейді. Ауыл шаруашылығы, логистика, тіпті соңғы кезде цифрландыру ісінде жүйелі қатынас орнатады. Президенттер басқосуынан кейін іле-шала «С5+1» форматындағы саммит басталды. Трамп сөз басын Орталық Азияның маңызы туралы бастап, Ақ үйдің алдағы уақытта өңірмен қатынасқа ықылас қоятынын тұспалдай кеткен. Өзінің «Трамп жолы» санайтын Зангезур дәлізінің құрылысы Каспий теңізінің қос жағалауындағы елдер мен Орталық Азияға жаңа мүмкіндік сыйлайтынын да қоса кетті. Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестігін дамытатынын айтып, қазіргі көрсеткіштерді мысалға келтірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасты. Жалпы Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі салаларды қамтитын экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады. Америкалық компанияларды елімізде инвесторлар үшін жасалған оңтайлы жағдайды пайдалануға шақырамын. Тіпті өзім қолдау көрсетемін.
Сөз арасында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады. Оның ұстанымдарын құптайтынын жеткізіп, 8 айда 8 соғыстың тоқтауына мұрындық болғанын ерекше атап өтті. Өз кезегінде Дональд Трамп серіктестікке серпін беруге мүдделі екенін растады.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
-Орталық Азия елдері арқылы бір кездері шығыс пен батысты байланыстырған ежелгі Жібек жолы өтті. Бұл ұлы әрі керемет тарих. Бүгінде Еуразияның жүрегінде орналасуы аймақ елдеріне ерекше маңыз бен ауқымды әлеует береді. Айтпақшы, бұл өте бай өңір. Мен әрбір елдің АҚШ-пен ынтымақтастығын бұрынғыдан да арттыруға күш саламын.
Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан көшбасышылары АҚШ-пен арадағы жан-жақты стратегилялық жобаларды мысалға келтірсе, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «C5+1» тұрақты хатшылығын, Инвестиция және сауда жөніндегі үйлестіру кеңесін және Орталық Азия инвестициялық серіктестігін құруға шақырды. 2026 жылғы саммитті Самарқандта өткізуді ұсынды. Дональд Трамп өзін бітімгер әрі Вашингтонның Орталық Азия елдеріне деген жаңа көзқарасын қалыптастырушы ретінде көрсеткісі келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ынтаны ұлттық мүддемен қабыстырып, өзара тиімді экономикалық шешімдер қабылдауға тырысуда. Саммит соңында АҚШ президентінің Қасым-Жомарт Тоқаевты «Ұлы Президент» деп бағалауы әрі Ақ үй алдында протоколдан тыс емен-жарқын сұхбат құруы қазақ дипломатиясының діттеген мақсатына жеткенін көрсетсе керек.
Құралай Жұмахан, Әлібек Әлиев