Қазақ - өзбек ынтымағының жаңа белесі

  • 5
  • 14.11.2025, 19:33

Екі елдің әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелерге келгенде пікірлері ортақ, ұстанымдары ұқсас. Экономикалық тұрғыда да қолға алынған құны 3 млрд доллардан асатын 70 шақты ортақ жобалар бар. Алдағы жылдары олардың қатары тағы толықпақ. Ал екіжақты тауар айналымы жылына 4 миллиард АҚШ долларынан асып отыр. 

Қазақстан мен Өзбекстан ортақ шекарасы бар әріптес ел ғана емес, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан бауырлас мемлекет. Екі тарап арасындағы қарым-қатынас та алдымен осы тұрғыдан өрбиді. Бауырлас қос ел 1998 жылы «Мәңгілік достық туралы», 2013 жылы «Стратегиялық серіктестік жөнінде» мемлекетаралық шарттарды қабылдаған. Бұл маңызды қос құжат елдің бір-біріне деген ерекше құрметінің жарқын үлгісі болса керек.

Түстіктегі көршімізбен біздің байланыс бекем. Ғасырларға ұласқан ағайындыққа араздық жүрмейді. Бұдан кейін де достыққа сызат түсе қоймасы анық. Сонау 92 жылдан бастап дипломатиялық қатынас орнатқан Қазақстан мен Өзбекстан бүгінде Орталық Азияның салмағы басым қос мелекетіне айналып отыр. Екі елдің ендігі байланысы бәсекелес емес, серіктес ретінде өрбуге бет бұрып барады.

Айбар Олжай, экономист:

- Өзбекстан бізге белгілі бір бәсекелес емес, бірлесіп кооперация құрып дамитын серіктес ретінде қалыптасу керек. Екі елдің басшылары да осыны түсінеді. Екі елдің өздеріне тән артықшылықтары бар. Өзбекстанда халық саны, жұмыс күші. Қазақстанның артықшылығы жаңа технологиялар, пайдалы қазбалар ресурстары және өңдеу ресурстары. Осы Өзбекстанның жұмыс күші мен Қазақстанның технологиясын қосып бір кооперация құрсақ екі ел де ұтылмайды.
  
Қазір Қазақстанда 500 мыңға жуық өзбек тұрса, Өзбекстанда 800 мыңға тарта қазақ бар. Екі елді жақындастыратын тағы бір жақсы фактор осы – ұлтаралық байланыс. Біздің елде өзбек тілінде оннан астам газет пен журнал шығарылады, 2 өзбек театры бар. Алты мың өзбекстандық студент Қазақстанның оқу орындарында білім алуда. Екі ел арасында туристер де ағылып жатады. Ташкент мен Самарқанға баратын саяхатшылардың бестен бірі қазақстандық болса, Түркістанға табан тіреп, Ясауи кесенесін зиярат етуге ағылған өзбек ағайындар да аз емес.

Өзбекстандағы гастараномиялық туризмнің бір бағыты – палау. Ала шапанды ағайынның дәмі тіл үйіретін палауын жеу үшін «Бес қазан» палау орталығына мыңдаған турист келеді. Аспаздар палау басуды таңғы 8-ден бастайды да, қазанды түскі сағат 1-де ашады. Қазір міне сағат 3 боп қалды. Айналасы 2 сағаттың ішінде 500 кг палау таусылған.

Өзбекстанға жылына 9 млн-ға тарта турист келеді. Солардың ешқайсысы да осы бес қазанға бас сұқпай қайтпайды. Ташкентте барлығы 4 «Бесқазан» палау орталығы бар. Олар күніне 10 тонна палау сатады екен. Сонымен қатар өзбектің қауын-қарбызы да туристердің сүйікті дәмі.

Мутабар Абдуллаева, сатушы:

-Мынау дәмді, шырыны мол. Қазір қауын қарбыздың маусымы, дәмі тіл үйіреді. Жизақта, Қарақалпақстанда піскен қауындар. Бізге барлық елден турист келеді. Солар алады. Қазақстаннан да турист көп келеді.

Ерік Батырханов, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы: 

-Өзбекстан өзінің туристік әлеуетін жақсы пайдаланып отырған мемлекет. Ташкент, Бұқара, Самарқанд сынды қалалардан турист үзілмейді. Қазақстандықтардың да жиі баратын жерлерінің қатарында Өзбекстан қалалары көп. Бұл тұста, әсіресе, еліміздің оңтүстігіне Түркістан, Алматы қалаларына турист тартуда біздің өзбектерден үйренеріміз көп.

Қорыта айтқанда, ділі мен тілі ұқсас, мәдениеті ұштасып жатқан бауырлас екі елдің бірлігі бұдан кейін де бекем бола түсіп қоймай енді іскерлік бағытта жалғасады, жанданады. Себебі Қазақстан Өзбекстанның үш негізгі сауда серіктесінің бірі саналады, екі ел арасындағы жылдық тауар айналымы 4 миллиард АҚШ долларынан асып отыр. Бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 10 миллиард долларға жеткізу жоспары бар.

Досжан Ысқақ. Айдос Меделбеков