Елордада Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтті

  • 8
  • 14.11.2025, 19:37

Елордамызда өткен ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, жетістіктерді жіпке тізді. Сонымен бірге әлі де жүзеге аспай келе жатқан саланың орасан зор әлеуеті мен шұғыл шешімді қажет ететін түйткілдерге тоқталды. Ал форумның өзін Жалпыұлттық деңгейдегі басқосуға балады. 

Егістік басындағы диқандар, бау-бақшадағы бағбандар мен жайылымдардағы бақташылар шаруаның бәрін ысырып қойып, Астанаға ағылды президентпен жолығуға екі мыңнан астам делегат Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына жиналды. Есте болса, былтыр алғашқы басқосуда Мемлекет басшысы мемлекеттік қолдау турасында көп айтқан еді. Арада жыл өтті, шаруалар қамқорлықты сезіне алды ма? 

Әуелі шалғайдағы шаруалардың бұйымтайларын сұрадық. Кішкене демеп жіберсе дейді.  

Талғат Амантаев, фермер:             

-Біз Шығыс Қазақстан кішкене шалғайда болғандықтан Үкімет басшысында программалар бар ғой түрлі. Бірақ шынын айту керек, енді, жетпей қалып жатады. Шамамыз келгенше өзіміздің күшімізбен тырысамыз. Біздің жақта жер өте тың. Біз жақта жауынмен ғана өседі. Суармалы емес. Жердің өзінің құнарлығы бір 200-300 жылға дейін жететін шығар.  

Иә, бұл форумда аядай ғана алқапта жер еміп отырған шағын шаруашылықтардан бастап миллиардтармен сөйлесетін деңгейге жеткендер бар.

Сыдық Дәулетов, түйе шаруашылығының жетекшісі:

-Бір түйемен басталған шаруашылық 25 жылда 5 мың түйеге жетті. Тек қана түйе бақпай оның сүтін терең өңдеп, кейінгі бес жылда құрғақ түйе сүтін көрші ҚХР-на экспорттаймыз. 5 мыңмен шектелмей алдағы 1-2 жылда оны 15 мыңға жеткіземіз деп жұмыс жасап жатырмыз. Үлкен түйенің класстерін құрмақшымыз. Оған алдағы екі жылда 30 млрд инвестиция саламыз деп отырмыз. 

Сыдық Әбуұлы атап өткендей, талмай еңбек еткендерге ауыл шаруашылығы тиімді сала. Әлемде халық саны мен табиғи тағамға сұраныс өсіп келеді. Елімізде 7,5 млн адам ауылда тұратын болса, ондағы еңбекшіл ағайын қаланы қамтамасыз етуді былай қойғанда азық-түлік қауіпсіздігін орнықтыруға септесіп отыр. Форумда сөз алған Мемлекет басшысы оны айрықша атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет.

Иә, саланың әлеуетін бағамдау үшін сандарға зер салайық.

Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсіп, 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыру межеленіп отыр. Ал агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің 200-ден астам түрі 70 мемлекетке экспортталады. Экспорт сомасы 5 миллиард доллардан асады.

Сандар жақсы ғой, бірақ бұл тоқмейілсіп, бөрікті аспанға ататын көрсеткіш емес. Бұл ретте шаруалар үшін мемлекеттің қамқорлығы маңызды. Егін еккен ел тоқ демекші, Президент сөз басында диқандардың рекордты жетістіктерін ерекше атап өтті. Биыл қамбаларға 27 млн тонна астық жиналды.

Әбілқасым Досболов, құс шаруашылығы кәсіпорнының жетекшісі:

-Осындай жетістікке жетудің бастамасы былтырғы өткен Мемлекет басшысының қатысуымен бірінші форум. Сол кезде үлкен қолдау көрсетеміз деп, өзім бақылап отырамын деп Үкіметтерге тапсырма берді. Міне соның жемісі, биыл қолдаудың арқасында Мемлекет басшысының, мына Үкіметтің жеңілдетілген несие бергенінің арқасында ауыл шаруашылығы саласы биыл үлкен жақсы жетістіктерге жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Бұл осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Несие қолжетімді болуы үшін банктерге құзырлы мекеме тарапынан кепілдік беру тәсілі енгізілді. Биыл «Даму» қоры 1300 несиеге кепілдік берді. Сөйтіп несие алуға мүлкі жеткіліксіз көптеген шаруаның, әсіресе, шағын және орта деңгейдегі фермерлердің мәселесі оң шешімін тапты.

Айталық, астықтың биылғы мол түсімі республикалық орташа көрсеткіште гектарына 17 центнер болса, кейбір шаруашылықтарда 30-40 центнерден жоғары түсім берген.

Нұрлан Хасенов, фермер: 

-Егін шаруашылығында екі жыл. Тыңайтқышты алғанға 60% Үкімет төлейді, 40% біз төлейміз. Жалпы жаман емес.

Егіншіліктегі аяқ алыс жаман емес, ендігі мақсат мал басын еселеу деді Президент. Бұл еліміздің халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіту тұрғысынан да маңызды. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн деді ол.

Сырым Ертаев, мал бордақылау кешенінің жетекшісі:  

-Екі жыл алдын Үкіметтен бірге біз Австралияға бардық. Ауқымды түрде үлкен фермаларды соғу үшін оның тәжірибесін үйрендік. Өзімізде елу мың басқа арналған ірі қара мал кешені құрылысының жартысы аяқталып, әзір 15 мың басқа дейін мал толып тұр. Австралиялық жоба бойынша құрылып жатқан кешен ол да мемлекеттің жеңілдетілген несиесінің арқасында болып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Халық жердің игілігін көруі керек. Мен бірнеше жыл бұрын заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма бердім. 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ жерге берілетін кепілдік құнының төмен болуы, жер қатынастарындағы кедергілерге де шүйлікті Президент. Бір апта ішінде жер ресурстарының цифрлық картасы туралы енді құзырлы орындар баяндауға тиіс. 

Жүйелі мәселе. Ауыл шаруашылығы саласы елдегі су атаулының 60% дейін жұтып отыр. Суды үнемді әрі тиімді пайдалану ләзім. Цифрлық шешімдер керек. Қазір шаруалар агродрон, жер серігі технологиясының игіліктері мен жасанды интеллектіні енгізе бастағанымен, бұл қадамдар жаппай қолданысқа енуі тиіс. Сол секілді агросаладағы ақпараттық жүйелер де цифрландырылып, біріздендірілуі тиіс.

Президент ауыл шаруашылығын дамыту ауылды дамыту екеніне тағы да айрықша тоқталды. Ауыл ел бесігі, Ауыл аманаты бағдарламалары өз алдына ауылдың көркейюіне одан шыққан кәсіпкерлердің қамқорлығы да үлкен үлес қосатынын атап өтті. Форумның соңын Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жұмысшы мамандықтары жылына орай еңбек адамдарына құрмет көрсетті. Президент қолынан ауыл шаруашылығы саласында талмай еңбектеніп жүрген 30 адам мемлекеттік награда алды.

Асқар Мұхамеджанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

-Жалғыз менің еңбегім емес, сол салада бауырларым қызмет жасап жатыр. Інілерім Садық, Нұршат деген. Солардың да жатпай тұрмай, ыстық-суықта еңбек жасап, міне 26 жыл қызмет жасадық.

Бекзат Мамырханов, балық шаруашылығының жетекшісі:

-Бұл жерде менің ғана еңбегім емес қой. Бұл жерде менің артымда тұрған әріптестерім. Ұжымдастарымның бәрінің еңбегі. Қазір бәріне толтырып жатыр құттықтаулар. Енді құтты болсын, қолыңызды жумаңыз деп, біз де ұстап қалайық деп. Алла қаласа жұғысты болсын деймін.

Мұнан соң Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығындағы цифрлық шешімдер көрмесін аралап көрді. Президентке деректерді есепке алуға, болжауға және талдауға арналған цифрлық сервистер, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі тиімділікті арттыруды көздейтін отандық стартаптар туралы баяндалды.

Берік Дүйсенбай, Азамат Сәметов