Мәулен Әшімбаев Егеменді Мальта Орденінің жетекшісімен кездесті

  • 8
  • 12.12.2025, 18:36

Парламент Сенатының Төрағасы Ватиканға жұмыс сапары аясында Егеменді Мальта Орденінің жетекшісімен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты пікір алысты. Кездесу нәтижесінде Қазақстандағы Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Мальта Ордені арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжаттың мақсаты – бірлескен жобаларды жүргізуде ынтымақтастық орнату. Атап айтқанда діндер, мәдениеттер мен өркениеттердің өзара іс-қимылы саласында зерттеулер, білім беру, әдістемелік қызметтерді жүзеге асыру көзделген.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы:

- Биыл қыркүйек айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі өтті. Оған алғаш рет Егеменді Мальта Орденінің өкілдері қатысты. Көптеген жаһандық мәселелерге қатысты біздің ұстанымдарымыз ұқсас. Гуманитарлық, мәдени және әлеуметтік салаларда байланысты арттыру үшін әлеуетіміз де зор. Алдағы уақытта осы және басқа да бағыттарда ынтымақтастықты нығайтып, ортақ жобаларды бірлесіп іске асырамыз деп үміттенемін.