Конституциялық реформа жөніндегі комиссия бірпалаталы Парламенттің рөлін жіті қарады

  • 281
  • 02.02.2026, 21:46

Саяси жүйені жаңғыртуда бірпалаталы Парламент маңызды рөл атқарады. Қазір оның «Құрылтай» деп аталатын атауынан өзге, алдағы уақыттағы міндеті мұқият қаралып жатыр. Сондай-ақ жаңа Конституцияда құқыққорғаушылар институты деген түсінік те енгізілуі мүмкін. Комиссия мүшелері ұсыныстардың мән-маңызы зор деп отыр.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия бірпалаталы Парламенттің рөлін де жіті қарады. Мамандардың айтуынша, мұндай қадам заң қабылдау ісін жылдам әрі сапалы жүргізуге септігін тигізеді. Ата Заң жобасында жаңа және кеңейтілген өкілеттіктерге ие Парламент Құрылтай аталатыны айтылған. Ал онда 145 депутат болмақ.

Советбек Медебаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ең бастысы Конституциялық заңға өзгерістер енгізу, Парламенттік реформаға байланысты ғой. Мысалы, бұрын екіпалаталы Парламент болды, қазір енді бір-ақ палаталы Парламент болады. Солардың жұмыстары, атқаратын міндеттері жөнінде конституцияға өзгеріс енеді.  

Сондай-ақ жаңа Конституцияда адвокаттар мен прокурорлардың мәртебесі тең деп танылуы мүмкін. Сондықтан қорғаушылар институты деген жаңа түсінікті ресми түрде енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр. «Бұл қадам болашақта құқықтық жүйеде теңдікті күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауды нығайтуға ықпал етеді»,- дейді қорғаушы Айман Омарова. 

Айман Омарова, қорғаушы:

-Біз үшін бұл өте маңызды. Сот барысында теңбе-теңдік, адамның құқығы, солардың бәрін жүзеге асырып жүрген соттар бар. Бірақ, мысалы, сотта біз тең емеспіз. Сонымен біздің ойымыз мынандай, егер ол Конституцияда жазылатын болса, мүмкін кейін ол бекітіліп, заңнамамызда өзгерістер бола ма дегеніміз ғой. 

Ата Заң жобасын сарапшылар да талқылап жатыр. Қоғам талқылауына түскен жаңа Конституция мәтінінің 84 пайызға жаңарған. «Онда негізінен мемлекеттің дамуына, болашағына басымдық берілген»,-дейді саясаттанушы Мақсат Жақау.  

Мақсат Жақау, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры:

-Конституция арқылы мемлекетіміздің демократияландыру процесін анағұрлым алдағы сатыларға биіктетеді бізді. Бұл өте дұрыс. Мәселе бүгінгі ұрпақ үшін емес, мәселе келешек ұрпақ үшін. Конституция ол халықтық референдум арқылы жүзеге бекітіліп, анықталуы мүмкін. Бірақ оның нәтижесі ертең екі-үш жылдан кейін, бес жылдан кейін, он жылдан кейін толыққанды жаңа ұрпақтың бойындағы, көзқарасындағы Конституцияның өмірін қалыптастырады.  

Жаңа Конституцияның жобасы қазір қоғам талқысында. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Дархан Күнтуов