Қазақстан адамзат бауырластығы мен бейбітшілік бастамаларын қолдайды

  • 236
  • 05.02.2026, 21:33

Қазақстан адамзаттың бауырластығын нығайтуға арналған бастамаларды және диалог, өзара құрмет пен бейбіт өмір сүру құндылықтарын дәріптеуді толық қолдайды. Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында өткен дәстүрлі шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығын салтанатты тапсыру рәсіміне қатысты. Биыл аталған сыйлыққа әйелдер мен қыздардың білім алу құқықтарын қорғау саласында еңбек етіп жүрген ауғанстандық құқық қорғаушы Зарка Яфтали, Палестинаның Taawon гуманитарлық ұйымы және Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісім ие болды. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлық иелеріне бейнеүндеу жолдады. Мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинянды құттықтап, екі елдің бейбіт келісімге қол жеткізу жолындағы белсенді іс-қимылы тарихи маңызға ие бетбұрыс екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы:

-Былтыр қыркүйек айында Астана қаласында «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтті. Оның маңызды нәтижелерінің бірі конфессияаралық диалогты одан әрі нығайтуды көздейтін бірқатар халықаралық бастаманы қамтыған «Астана бейбітшілік декларациясы-2025» құжатының қабылдануы болды. Рухани көшбасшылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру жөніндегі үндеуіне қолдау білдірді. Алдағы уақытта бұл бағытта нәтижелі ынтымақтастық орнатуға зор мүмкіндік бар. Сондықтан жалпыадамзаттық құндылықтарды және өзара түсіністік пен ынтымақтастық мәдениетін ілгерілету жолында барлық елмен, институттармен, ізгі ниетті жандармен бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге дайынбыз.

Сапар аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығы аясында өткен «Болашақ ұрпақ алдындағы уәде» тақырыбына арналған дөңгелек үстелге қатысты. Сонымен қатар Сенат Төрағасы Біріккен Араб Әмірліктері Федералды Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Сакр Әл-Гобашпен кездесті. Тараптар екі елдің стратегиялық серіктестігін кеңейту және парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Әрі заң шығарушы органдардың бірлескен жобаларды ілгерілетудегі рөліне де ерекше көңіл бөлді.