Жаңа Конституция жобасының қабылдануына үн қосқысы келетіндердің қарасы көп. Ел азаматтары таңмен таласа тұрып дауыс учаскелеріне бет түзеді. Үкімет басшысы, жоғары және төменгі палата төрағалары мен Мемлекеттік хатшы да өз таңдауын жасады.
15-наурыз – ел тарихындағы маңызды күн. Билік өкілдері осылай деп отыр. Алғашқылардың бірі болып Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдумда дауыс берді. Ол елордадағы Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінде орналасқан №130-ыншы сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Сондай-ақ Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та дауыс берді. Жоғары палата басшысы референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекетттік маңызды шешімдер халық пікірін ескере отырып қабылданады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Еліміз үшін өте маңызды күн, өте жауапты күн. Республикалық референдумға жаңа Конституцияның жобасы шығарылып жатыр. Жалпы өздеріңіз білесіздер, биліктің бастауы – халық. Сол себепті біздің азаматтарымызға осы құқықтарын жүзеге асыруға бір жағынан, екінші жағынан стратегиялық дамуына қатысты өздерінің пікірін білдіруге мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ біз Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асуын көріп отырмыз. Бұл – жоғары азаматтық белсенділіктің көрінісі.
Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов республикалық референдумда дауыс берді. Палата спикері өз таңдауын нөмірі 128 сайлау учаскесінде жасады. Учаске «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғимаратында орналасқан. Дауыс бергеннен кейін спикер бүгінгі күннің маңызына тоқталды. Ол: «15-ші наурыз Қазақстан тарихында ерекше орын алуы мүмкін», - деді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Көңіл күйім жақсы. Мен бүкіл біздің қазақстандықтардың көңіл күйі өте жақсы деп ойлаймын. Себебі бүгін – тарихи күн. Себебі халқымыздың тарихи болашағын айқындап жатырмыз. 15-наурыз – Қазақстанның тарихындағы ерекше орын алатын тарихи күн болады деп ойлаймын. Референдумның әділ, ашық, таза өтетініне менің күмәнім жоқ. Себебі біз ел-елді аралап келдік. Халықтың көңіл күйін көріп отырмыз бүгінгі күнде. Қолдауын сезіп отырмыз.
Қазақстан азаматтары ел болашағы үшін маңызды шешімді қабылдайды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин жалпыұлттық референдумға қатысып, азаматтық міндетін орындады. Ол өз таңдауын елордадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы нөмірі 129-шы учаскеде жасады.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Біз қандай қоғамда өмір сүреміз, қандай қағидаттар мен құндылықтар нәтижесінде әрі қарай дамимыз. Менің ойымша, осы мәселелер бойынша маңызды шешімдер қабылданатын болады. Соңғы төрт жылда осымен үшінші рет өткізіліп отырған референдум. Мемлекет басшысының кезінде елімізге қатысты осындай маңызды шешімдер жалпыхалықтық диалог, референдум барысында шешілу керек деген қағидаты енді күнделікті саяси өміріміздің нормасына айналды.
Референдум – Қазақстан қоғамы үшін айрықша маңызға ие оқиға. Себебі елдің болашағы мен мемлекеттің дамуы халық таңдауына байланысты.
Құралай Жұмахан