Мәжіліс Мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын мақұлдады

  • 9
  • 18.03.2026, 21:31

Мемлекеттік қызметші жұмыс кезінде және жұмыстан тыс уақытта да теріс қылықтарымен көзге түссе, тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Ал олардың құмаройын ойнауына тыйым салынады. Бүгін Мәжіліс Мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатта мемлекеттік қызметшіге көрсетілетін қолдау, оның міндеті және жауапкершілігі толықтай қайта сараланыпты.

«Біздің негізгі жұмысымыз енді басталады». Осылай деген Мәжіліс спикері алда атқарылатын шараларға тоқталды. Жаңа Конституция қабылдануына байланысты енді депутаттардың жұмысы қыза түседі. Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңадан бес конституциялық заң қабылдануы тиіс. Сонымен бірге тағы сегіз конституциялық заң мен 60-тан астам түрлі заңдарға түзету енгізуіміз қажет. Ерлан Қошанов: «Бұл өте жауапты міндет»,- деді. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Депутаттар корпусы қысқа мерзім ішінде конституциялық өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан бекітуді қамтамасыз етуі керек. Жақын арада бірқатар заң жобасы Парламент қарауына енгізілетін болады. Сондықтан бізге, депутаттарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жаңа Конституцияның нақты іске асуын қамтамасыз ету бізге бұйырып отырғаны зор мәртебе.

Күн тәртібінде қаралған маңызды заңның бірі - мемлекеттік қызметшілерге қатысты. Қазір салада 84 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның шамамен 30 пайызы ғана жастар. Депутаттардың айтуынша 7 мыңға жуық орын бос тұр. Себебі жүктемесі ауыр, жауапкершілгі көп, ал жалақысы аз. Заңда оның тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар норма қамтылыпты. Енді еңбекақы қызметкердің атқаратын жұмысына, міндеттер мен еңбек нәтижесіне байланысты болады. Жалақы инфляцияны ескере отырып, кемінде әр 3 жыл сайын қайта қаралады. Көтерме жәрдемақы түріндегі қолдау тетіктері де бар. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерді медициналық куәландыру талаптары енгізіледі. Осы арқылы есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың баламасын қолдану бойынша барлығын тексеріп, жағдайды анықтау және бұл салада мұндай келеңсіздікке жол бермеу көзделіп отыр.   

Дархан Жазықбай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Есірткі, алкогольге қатысты басшылар және басшыларға қатысты тізімдер жасалынады. Бізде көптеген мемлекеттік құпиялармен, қағаздармен жұмыс жасайтын азаматтарымыз бар мемлекеттік қызметте. Сондықтан біз оларға наркоскрининг жасайтын боламыз. Ал қалған мемлекеттік қызметкерлерді бірінші басшылар өздері белгілейді. Қажет болған жағдайда оларды наркоскринингке жіберіп отырады.

Жиыннан соң депутаттар білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы, экология, еңбек, су қауіпсіздігі салаларына қатысты мәселелерді көтеріп, құзырлы министрліктерге сауалдарын жолдады. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин