Жаңа Ата Заң ел өміріндегі маңызды өзгерістерге жол ашады. Құжатта азаматтардың құқықтарын кеңейтіп, мемлекеттік басқарудағы ашықтықты арттыру және қоғам пікірінің рөлін күшейту көзделген. Әлеуметтік саясат, білім, инновация, жергілікті басқаруды жетілдіру тетіктері де қамтылған. Сол үшін жаңа заңдар қабылданып, қолданыстағы құжаттардың мазмұнын жаңарту жоспарланып отыр.
Парламентте жұмыс қыза түскен. Бәрі құжатта қамтылған міндеттерді іске асырудың қамы. Өткен аптада «Халық Кеңесі туралы» Заң жобасы мақұлданды. Оған дейін Алатау қаласының мәртебесі туралы конституциялық заң жобасы да талқыланған болатын. Заң халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленді. Жоспар бойынша Алатау 2 млн тұрғыны бар, экономикасы 50 млрд долларға тең, дербес басқару жүйесіне ие болашақтың қаласы болады.
Индира Әубәкірова, заң ғылымдарының докторы:
- Бұл заң елімізді технологиялық әрі инновациялық болашаққа бастайтын жаңа кезеңнің бастауы бола алады. Ең алдымен бұл жас мамандар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ бизнес үшін мүлде жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Әлемдік үздік қалалардың тәжірибесі біз үшін барлық жағынан маңызды.
Жаңа Ата Заңдағы өзгерістер елдің әлеуметтік, экономикалық, құқықтық әрі саяси дамуына серпін беруі тиіс. Қоғам бұл бастамалардың нақты әрі тиімді жүзеге асуын күтіп отыр. Парламент қазір соның алғышарты болатын заңдарды жан-жақты талқылап жатыр.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жергілікті өзін-өзі басқаруға байланысты көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр. Өткенде Сенатпен бірге отырыс өтті, тағы қараймыз. Әрине соның бәрін қазір жан-жақты талқылап жатыр. Әркім өзінің ұсынысын бере алады соның бәрі сапасын арттыру үшін ғой.
Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әрине бұл науқандық сипат алып кетпеу керек біріншіден. Екіншіден оның бәрін Конституцияға дәлдестіріп жасалатын үлкен шаруа. Құрылтайдың алдында үлкен міндеттер тұр деп ойлаймын.
Заңдарды жетілдіру бойынша жұмыс алда. Сарапшылардың бағалауынша 60-қа жуық заңға өзгерістер енеді. Қазір жауапты мамандар оның ішінде министрліктер өздерінің салалық құжаттарына талдау жүргізуде. Мақсат – бәрін жаңа Ата Заңға сай жаңарту.
Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов