Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы шамамен 14 пайызға өсті. Қаңтар-ақпан айларындағы алыс-беріс 4 млрд долларға жетті. Еліміздің эскпорты 1 млрд долларға жуық, ал импорт 3 млрд доллардан асады. Бірлескен жобалар да қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы құны 50 млрд доллардан асатын 177 бірлескен жоба бар. Оның 122-сі іске қосылды. 24 жоба жүзеге асырылуда, қалған 31 жоба пысықталып жатыр.
Сағындық Көшербаев, Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының директоры:
-Агроөнеркәсіптік кешен тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша өзара сауда көлемі жылына 4 млрд доллардан асады. Оның басым бөлігі астық, май, сүт және ет өнімдері. Дәл осы секілді әлеуетті бағыттардың қатарына өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистиканы ерекше айтып өтуге болады.
Транзит тасымалы
Жаһандық сауда бағыттарының қайта құрылуы жағдайында Қазақстан Қытай, Ресей, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Еуропаны байланыстыратын негізгі транзиттік дәліздердің біріне айналу әлеуетін күшейтті. Осы үдерістегі басты бастамалардың қатарында «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі бар. Бүгінде Астана мен Мәскеу деңгейінде Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі негізгі транзиттік хабтардың біріне айналдыру мәселесі ашық талқыланып отыр. Осы мақсаттарға қол жеткізуде көлік саласын цифрландыру ынтымақтастықтың ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының біріне айналып отыр. Биыл ақпан айынан бастап Қазақстан транзиттік тасымалдарға арналған навигациялық пломбалар жүйесін енгізіп, жүк қозғалысын қашықтан бақылауға және шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік жасады.
Логистикалық қатынас
Қазақстан мен Ресейдің арасындағы логистика саласы ерекше бағытқа ие. Себебі Қазақстан теңізге тікелей шыға алмайтын құрлықтық ел. Ал Ресей тарапы үшін Қазақстан оңтүстік бағытқа теңізге шығатын қақпа десек те болады. Екі ел арасында бүгінде 200-ден астам өңіраралық келісімдер бар. Бұл экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ортақ даму бағыттарын кеңесіп-келісуге негіз бола алады.
Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:
-Толықтай барлық салада байланыс бар. Атап өтер болсақ, қорғаныс, саясат, логистика. Ол байланыстар сөз жүзінде емес, нақты құжаттармен бекітілген. Соңғы 30 жылда Қазақ-Ресей байланысын бірнеше этаптарға бөліп қарауға болады. Десе де соңғы 10 жыл көлемінде біз көрдік. Көптеген геосаяси өзгерістерге қарамастан, Қазақстан мен Ресей байланысы өзара тиімді фазаға өткендей. Оның бір дәлелі 2025 ж қараша айында Мемлекет басшысының Москваға сапары. Сол кезде қол қойылға, құжаттар.
Гуманитарлық байланыс
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің еліміздегі мемлекеттік БАҚ бетінде жарық көрген «Астана мен Мәскеу: еуразиялық кеңістіктегі серіктестіктің экономикалық келбеті» атты мақаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастық айтарлықтай жанданып, білім, мәдениет және туризм салаларында да жаңа серпін байқалып келетінін тілге тиек етті. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде сәуір айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Ресейдің «Сириус» федералдық аумағының басшылығымен өткізген келіссөздерін атауға болады. Кездесу барысында бірлескен білім беру жобаларын дамыту, шығармашылық мектептерді кеңейту және қазақ-ресей балалар оркестрін құру мәселелері талқыланды.