Еуразиялық экономикалық одақ – жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономиканың маңызды субъектісі. Бірлестіктің Астанадағы бесінші басқосуында Мемлекет басшысы осылай деді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ұйымды «кәсіби әрі нәтижелі диалог алаңы» деп атады.
Бекнұр Сейтжанұлы, экономист:
-Геосаяси дағдарыста, осындай жанжал болып тұрған уақытта, Ормуз бұғазында, Иранның жағдайы болғанда осындай геосаяси одақтар өте маңызды. Бұл жерде экономикалық жағынан да және мынау саяси жағынан да бұл маңызды. Сондықтан осындай стабилдік тұрғыдан тұрып келе жатқанымыз және осындай одақтың арқасы.
Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорты кейінгі 10 жылда екі есе артып, 10 млрд долларға жетті. Ал сауда айналымы шамамен 30 млрд долларға тең. Экспорттың шамамен 89 пайызы Ресей Федерациясына тиесілі. Қазақстан одаққа мүше елдерге шикізатпен қатар дайын өнімдерді де экспорттайды. Металл және металл бұйымдары, химия өнеркәсібі, азық-түлік және ауыл шаруашылығы, машина жасау өнімдері бар. Қазір еліміз одақ аумағында транзиттік-логистикалық хаб қызметін атқарып отыр. Отандық бизнес үшін 160 млн астам адам тұратын ортақ нарыққа кедергі жоқ. Көптеген шетелдік және жергілікті компаниялар Қазақстанды одақ елдеріне экспорт үшін өндіріс алаңы ретінде пайдаланады.
Азамат Байғалиев, саясаттанушы:
- Бүгінде барлық тарап Қазақстан мен Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақтағы рөлін аса маңызды деп мойындай бастады. Өйткені екі бастамашыл ел осы бірлестіктің діңгегі саналады. Алғашқы келіссөздерден-ақ елдердің өзара ынтымақтастығы нығайып жатқаны байқалды. Екіжақты тауар айналымына кететін уақыт қысқарды. Цифрлық салада да тәжірибе алмасулар бар. Осы тұста одақтас елдер цифрлық бағытты ұстанса, бұл ұйымның келешегі кемел болмақ.