Президент: «Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі»«Ең алдымен, баршаңызды алқалы жиынның ашылуымен құттықтаймын! Қадірлі меймандарға осы форумға арнайы келгендері үшін алғыс айтамын. Сіздерді Астана төрінде көргеніме ризамын. Жаңа ғана форум тақырыбы бойынша өзекті ойлар мен құнды пікірлер айтылды. Алдағы уақытта Үкімет бұл жұмысты міндетті түрде назарда ұстайды. Шын мәнінде, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі. Еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім және келісім болуы керек. Бұл – мызғымас қағида. Бірақ мұндай келісім өздігінен пайда болмайтыны анық. Қоғамдық келісім, бұл – көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі. Сондықтан мен Президент ретінде осы өте өзекті мәселеге баса мән беремін. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыра бастадық. Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Осы маңызды жұмысқа биліктің әр деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар белсенді түрде қатысуы керек. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек» «Соңғы жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт. Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды. Қазақстанның Бас құжаты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – еліміздің Ата заңына арқау болған басты құндылық. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды. Түптеп келгенде, жаңа тұрпатты ел болу жолындағы әрбір реформа, ең алдымен, халықтың қалауымен, жұртшылықтың тікелей қолдауымен жасалады. Әрине, мұның барлығы бір сәтте жүзеге аспайтыны белгілі».
Президент: «Халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды» «Өздеріңізге мәлім, мен 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабылдау қажеттігі жөнінде айттым. Бұл азаматтарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Ал 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген «е-Өтініш» онлайн платформасы іске қосылды, яғни, азаматтардың өтініштерін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты. Бұдан бөлек, бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және жұртшылықтың ой-пікірін ескеруге мол мүмкіндік берді. Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі».
Мемлекет басшысы: «Еліміздегі сот тәжірибесі үшін де бетбұрыс кезеңі басталды»«Ашығын айтуымыз керек, бұған дейін азаматтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдеріне және әрекеттеріне шағымдану, яғни, өз құқығын қорғау оңай болмайтын. Әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай түбегейлі өзгерді. Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл – мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз. Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз. Осылайша, қоғамымыз «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікірден арыла бастады». Президент: «Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді» «Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетті. Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді. Кейбір азаматтар соттардың шешіміне наразылықтарын білдіріп, өз үміттері ақталмағандарын алға тартады. Бұл бұған дейін де болған, қазір де кездеседі. Мұндай шағымдардың көбі өкпе-ренішке немесе біржақты пікірге құрылады. Бірақ қандай жағдай болса да мұндай пікірлерді тексеріп, әділ шешім қабылдау керек. Сондықтан жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітудің маңызы зор. Күн тәртібінде сотқа шағымданудың қасаң моделін сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқаруға ауыстыру қарастырылып отыр. Үкімет қазірдің өзінде тиісті ережелерді әзірледі. Енді орталық және жергілікті деңгейде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет. Бұрын келіп түскен шағымдар мен өтініштерде қаралған мәселелер қайтадан соттағы дау-дамай нысанасы болмауы керек. Әкімшілік тәжірибенің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Жария құқықтық сипаттағы дау-дамайды әкімшілік сот төрелігі деңгейіне беру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Былтыр бұл қосымша құқықтық-нормативтік актілердің заңдылығын қарайтын істерді қамтыды. Бұған дейін мұндай дау-дамайға қатысты шешім азаматтық іс жүргізу нормаларына сәйкес қабылданып келген».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Билік және бизнес өкілдері өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет» «Осының бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты іс жүзіндегі көрінісі екені күмәнсіз. Еліміз сот жүйесі және құқық қорғау саласындағы түбегейлі реформалармен қатар ауқымды экономикалық өзгерістерді жүзеге асыруда. Мұның мемлекетіміз үшін маңызы айрықша. Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында, соның ішінде инвестициялық дауларды шешу үшін қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасуда. Соның арқасында сот шешімдерінің 80 пайызына жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр. Мен отандық және шетелдік инвесторлармен кездесулер кезінде үнемі мына мәселеге айрықша назар аударамын: билік және бизнес өкілдері өзара сындарлы байланыс орнатуы керек, олар өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет. Билікте отырған лауазымды тұлғаларға тапсырмам: әр даулы жағдайда мәмілеге келетін жолды іздеу керек, бірақ бұл жол заңнама жүйесіне нұқсан келтірмеуі қажет. Басқа сөзбен айтқанда, әр келісімнің заңдық шектеуі болуға тиіс. Атап айту керек, кассациялық соттарды құру бастамасы дәл осындай жиынның бірінде көтерілген болатын».