ХХІІ Қазақстан-Ресей өңіраралық форумы өз жұмысын бастады

  • 7
  • 24.07.2026, 19:29

Бүгін ХХІІ Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы шымылдығын түрді. Жиын 2003 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. 2005 жылдан бастап форум екі ел қалаларында кезекпен өтеді. Биыл логистика инфрақұрылымы, химия өндірісі, су көлігі, өңдеу өнеркәсібі сияқты түрлі сала сарапшысы бас қосты. Алаңда қандай мәселелер қаузалды?  

Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы алғашында пікіралмасу жиыны болса бүгінде ол келелі келісімдерге қол жеткізетін бірегей ортаға айналды. 

Бүгінгі панельдік сессияда логистика экожүйесін, көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері қарастырылып жатыр. Іс-шараға 500-ден астам бизнес өкілі мен сарапшы маман қатысып жатыр.

Омбы Ертіс және Ом өзендерінің қосылу жерінде орналасқан ірі қала. Қазақстан шекарасынан 100–120 шақырым қашықтықта орналасқан аймақ екі ел арасындағы көлік және экономикалық байланыстардың маңызды торабы. Екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы 5 айда 11 млрд АҚШ долларына жуықтаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға жоғары.

Берік Ахметов, QazTrade басқарушы директоры:

- Бүгінгі күн қорытындысы бойынша 10 шақты құжатқа қол қойылды. Сауда-инвестициялық, логистикалық, институционалдық бағыттар қамтылды. Қазақстан мен Ресей арасындағы өндірістік кооперация сауда айналымын дамытудың қозғаушы күші болары сөзсіз.

Ертістің бойы ен сауда. Тек ебін таба білу қажет. Демек, ежелгі сауда керуенінің соқпағын жаңарту заман талабы. 2025 жылы Ертіс су бассейні арқылы Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалы 296 мың тоннаға жеткен.  Мамандар жүк ағынын арттыра түсу үшін тасымалды тиімді жүргізу қажет дейді.

Барзони Набиев, Қазақстан іскерлік кеңесінің тең төрағасы:

-Су көлігіне қатысты мәселе бөлек көтерілді. Бұл Қытайдан бастау алатын жол. Ертіс-Қытай-Павлодардан басталып, Омбыға кеп құяды. Содан Солтүстік теңіз жолымен тоғысады. Мұны дамытса ел әлеуетіне үлкен олжа.

Айдос Шайхисламов, Павлодар облысы аймақтық «Атамекен» КП директорының міндетін атқарушы:

- Қазір Ертіс түбін кеңейту мәселелері бойынша келіссөздер жүріп жатыр. 2024 жылы Жол картасы жасалған болатын, соны дамыта түсуіміз керек. Бүгін түрлі кәсіпорындар басшыларымен пікірлестік. Қазір жүмыс тобы құрылатын болады.

Өзен бойымен жолаушы тасымалын да ұйымдастырып, сейіл-серуен туризмін дамытуға да болады. Оған ұзын аққан Ертістің әлеуеті жеткілікті дейді мамандар. ХХ ғасыр басында Алашордаға астана болған Семей қаласының тұрғындары Ертістің үстінде қыдырыстап, қайық мінгені белгілі. Жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Әнші» әңгімесінде: «Жетішатыр – жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы-қысы – қымыз, ойын-сауық – «кататься». Жаз шықса, пароход, паром, желқайық, жасыл арал, қалың орман…», – деп суреттейді. Бұл бір қаланың айналасында ғана жүзеге асқан қызмет түрі. Кейін келе, су көлігімен қыдыру қашықтығы да ұзара түскен. Тіпті туристер Зайсаннан шығып, Омбыға дейін кеме арқылы қатынаған. Кемедегі сейіл Кеңес үкіметінің кейінгі жылдарына дейін жалғасқан. Осы бағытты қазір де қолға алуға болады. Ертісті бойлап, Омбыдан бөлек, Тара, Тобыл, Ханты-Мансийск сияқты қалаларды көріп қайтуға мүмкіндік бар дейді ел кәсіпкерлері.

Шатхабар Мақашев, кәсіпкер:

- Бұрын Кеңес кезінде теміржол болған Омбы-Бурабай, сол жолды бұзып тастаған. Москва-Лениногорск поезд жүрді. Логистикалық центр сол жерге қоюға ұсынысым бар. Ол бізге екі жаққа товароборот береді, отгрузка томожное зоналарға береді.

Омбыда қазақтың зиялылары білім алып, Алаштың ардақтылары ағартушылық жолын бастаған. Бүгінде  Омбы өлкесінде 100 мыңнан астам қазақ бар. Аймақаралық форумда бас қосқан жастар көтерген мәселенің бірі - жергілікті қазақтардың ұлттық ділін арттыру.

Сонау 1917 жылы Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаевтар Омбыға жастарды бастап келіп, екі жақты мәдениет алмасуға үлес қосқан еді. Бүгінгі форум да соның жалғасы іспетті. Мағжан ақын «Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемін» демеп пе еді?!

Торғын Әшенова, «Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы:

-Омбы өлкесінде 100 мыңға жуық қазақ тұрады. Омбы қазақтары ұйымына 18 жыл болды. 18 жылда қазақ тілін, дінін, ділін ұмытпасын деп біз жұмыс істеп  жатырмыз. Біз Ресейде болсақ та өзіміздің дәстүріміщді сақтайық, ұмытпайық деп айтып жүреміз, киім арқылы болса, жобалар арқылы болса да.

Қазақстан-Ресей жастарының басқосуында көптеген жобалар ұсынылды. Соның бірі - ІТ саласы.

Наталья Гречова, ІТ жоба менеджері:

- Сіздерде Астана хаб кластері бар. ІТ компаниялар үшін бұдан асқан алаңды табу мүмкін емес. Қазір біз қазақстандық заңгерлермен келіссөз жүргізудеміз. Өзім де команда жинақтап жатырмын.

Форумда ертең де жалғасады. Ал бүгінгі күн қорытындысында 10 шақты келісімге қол қойылды.

Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев