Бүгін Қырғызстанда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылардың басын қосатын үлкен дода басталды. Дәл осы сәтте онда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатыны өтіп жатыр.
Бүгін бауырлас Қырғыз елінің астанасы Бішкекте VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының шымылдығы түріледі.
Оның ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Көшпенділер ойынының ашылуы мына «Бішкек-Арена» стадионында өтеді. 51 мың адам сиятын стадионды осы ойындарға орай Қырғыз ағайын ала жаз бойы әдейі салып шыққан деседі. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден шамамен 3 мыңнан аса спортшы қатысады. Биыл спортшылар 43 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында ұлттық ойындар, ат спорты, ұлттық күрес түрлері, зияткерлік ойындар мен құсбегілік сайыстар бар. Қазақстан мен Қырғызстан арасында талқыланған көкпар мәселесі де шешімін тауып, жарыс бағдарламасына көкпар да, көкбөрү де енгізілді. Дүниежүзілік көшпенділер ойынында біздің елдің намысын 150-ден астам спортшы қорғайды. Екі жыл бұрын Астанада 114 медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте топ жарған Қазақстан құрамасы үшін бұл чемпиондық мәртебесін тағы бір сынға салатын жауапты дода.
Құрманбек Тұрғанбек, көкпардан ұлттық құрама капитаны:
- Қазақстанның өзінде 3 ай көлемінде дайындық өткіздік. Біздің командаға жалпы 30-ға жуық бала сборға шақырту алған болатын. Соның ішінен 24 баланы іріктеп алдық. Көкпарға 12 бала, көк бөріге 12 бала. Өзімізбен бірге алып келдік. Келгеннен кейін қырғыз тарапынан да 1-2 ат алған болатынбыз. Жекпе-жек аттарын. Аттарда жаңарды. Балалар да жаңарды.
Биыл ұйымдастырушылар бұл ойындарды көруге 100 мың қонақ келеді деп болжап отыр. Демек, осынша жаһан жұрты көшпенділер өркениетіне куә болады деген сөз. Ал ертең 1 қыркүйекте Бішкекке келген ел басшылары тарихты саясатқа сабақтап, ШЫҰ мерейтойлық 25-саммитіне қатысады.
Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков, Құдайберген Аймырзаұлы