Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Жолдау-2026: инфрақұрылымдық жаңғыру

  • 14
  • 28.10.2026, 18:00

Алдағы үш жылда Қазақстанның барлық аймағы ауқымды құрылыстың алаңына айналады. Аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Ол үшін Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Ал оны жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында бұл жобаны «Халықтық құрылыс» деп атауды ұсынды.

Сағыныш Әбікей, тілші:

-Осыдан бір апта бұрын Президент жыл сайынғы Жолдауының мәтінімен жұмыс істеп жатқанын айтқан еді. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың тоғызыншы Жолдауы. Әр жолдаудың өз міндеті болғанымен, мақсаты ортақ: елдің ертеңін айқындау және халықтың әл-ауқатын арттыру.

«Таза су, түзу жол, жайлы мектеп пен аурухана. Халықтың тұрмыс сапасын көтеретін басты көрсеткіштер осы. Сондықтан Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс»,-деді бүгін Президент. Ол үшін әр облыста қандай нысан жетіспейтінін анықтап алу қажет. Сосын сол тізім бойынша «Халықтық құрылыс» жобасы басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Үкімет бұрын-соңды болмаған «Инфрақұрылымдық жаңғыру» жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет.

Бірінші кезекте – ұлттың саулығы тұр, сондықтан аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Бұл ауқымды іске жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартылады, бұл жаңа жұмыс орындары деген сөз. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады. «Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ», - деді бүгін Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек, біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл әсіресе солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек. Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді. Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады. Негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі де айтылды. Қазақстан атом энергетикасын дамытуға нықтап ден қоймақ. Ол үшін Президент елдегі болашақ атом электр станцияларын бір ғасыр бойы шикізатпен қамтамасыз ететін стратегиялық уран қорын құруды ұсынды. Сонымен қатар Президент: «Балқаш» АЭС-інің құрылысын келер жылы бастап кетуге болады», - деп есептейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Келесі жылдың өзінде «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауға және «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын тезірек қолға алу мақсатында кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға болады, тіпті бұл қажет те шығар деп есептеймін.

Президент ұсынған тағы бір мәселе отандық бизнеске қатысты. Жуық арада шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылға мораторий енгізу мәселесі талқыға түспек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы: «Салық мәселесіне әділдік қажет»,- деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Салық салудағы әділдік мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Ірі байлық иелері үшін жоғары мөлшерлеме енгізу мәселесін талқылайтын уақыт келді деп санаймын. Ешкімнің заңды жолмен тапқан активтеріне қандай да бір шектеу қою көзделіп отырмағанын баса айтамын. Бұл Конституцияның өзіне қайшы болар еді. Сөз әр азаматтың еліміздің дамуына шамасына сай әрі адал үлес қосуы туралы болып отыр. Бұл – әділдік мәселесі.

Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан бір тақырып – әлеуметтік төлемге қатысты. Президент бүгін пікір білдірді. Айтуынша, әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарау маңызды, себебі көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы. Жалпы бұл салада өзекті мәселелер аз емес, соған байланысты Үкімет өз ұсынысын, шешімдерін беруде. Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу талқы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда. Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды.

Мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі халықтың табысын кезең-кезеңімен арттыру болып қала бермек. Қазақстанда жалақының ең төменгі мөлшері өседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді.

Триллиондаған теңге, жүздеген жаңа нысан, ірі инфрақұрылымдық жобалар. Бірақ ауқымды жоспардың шынайы нәтижесі бөлінген қаржымен емес, халықтың күнделікті өміріндегі өзгеріспен өлшенеді. Ендеше меже айқын, нәтижесін уақыт көрсетеді.

Авторлары: Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков