Бейбіт митингтерге 250-ден көп адамның шығуына рұқсат берілуі мүмкін
Мұндай жерлерді жергілікті атқарушы органдар бекітеді. Ол ыңғайлы болуы тиіс. Көліктер жүре алатын, инфрақұрылымы бар санитарлық талаптарға сай болуы міндетті. Ең бірінші жиылған адамдардың қауіпсіздігі ескеріледі.
Енді бейбіт митингке шығудың белгіленген тәртібі бар. Ең алдымен ескерту міндеттеледі. Бұл ұсынысты Мәжіліс қабырғасына жиналғандар қолдады. Сарапшылар депутаттар мен қоғам белсенділері бейбіт шеру өткізу үшін рұқсат күтудің қажеті жоқ екендігін айтып отыр. Бірақ келісім қағидасы өзгертілмейді.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Енді ол организатор ретінде өз формасы болады. Аты-жөнін, қандай тақырыпта болатынын, қанша адам екенін жазады. Үкіметке тапсырады. Сол 15 күннен кейін «белгіленген орынға шығамын» деп айтылса, ешқандай қарсылық жоқ.
Бейбіт шеруге тосқауыл қойып, тыйым салуға ешкімнің құқы жоқ. Тек қатысушылар арасында алауыздық тудыратын, теріс пиғылды әрекеттерге жол берілмеуі қадағаланады. Дүниежүзілік адам құқығын қорғау келісімі де осыны меңзейді. «Сондықтан енгізілген ережелер еліміздің заң жобасына қайшы келмейді», – дейді сарапшылар.
Марат Қоғамов, заң ғылымдарының докторы:
- Бейбіт жиналыстарға барлығы бірдей бара бермейді. Сондықтан бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар және қатысушылар өз ойларын айтуға, қоғам мен мемлекет өміріне қатысты нақты мәселелер бойынша шағымдарын білдіруге бірегей мүмкіндік алады. Дегенмен мұның барлығы да билік пен полиция органымен ынтымақтаса отырып, барынша өркениетті жолмен жүруі тиіс.
Бейбіт митингілер арнайы белгіленген орындарда өткізілу керек. Жиналғандар мұны бірауыздан қолдады. Айтуыларынша, орын қала шетінде емес, қолайлы ортада болуы керек. Ал көшелерді қоршап жүру өзгелерге кедергі келтіреді. «Себебі қазір адамнан көлік саны көп», – дейді сарапшылар.
Марат Башимов, заң ғылымдарының докторы:
- Алматы – үлкен қала. Сондықтан ол қалаға 5 орын берілсін. Қазір билікке пікір жеткізу жеңіл болды. 2-3 жылдың ішінде бәрі өзгеріп кетті.
Тиісті заң жобасындағы кей ережеге өзгертулер енгізілді. Бұрын шеруге шығушылардың саны шектеулі еді. Тек ең көбі 250 қатысушыға ғана рұқсат берілетін. Енді адам саны туралы ескертпесе де болады. Сондай-ақ жіберілген өтініш жауапсыз қалса, онда «митинг өткізуге рұқсат» деген сөз.
Ерлан Саиров, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Қазіргі «құлақтандыру заңы» деп аталады. Яғни рұқсат алудан ескертуге жылжып бара жатырмыз. Сондықтан егер конституцияға қарсы қимылдар болмаса, әлеуметтік таптық алауыздықты қоздырмайтындар болса, мемлекеттік мекемелер ешқандай тежеу қоя алмайды.
Айтпақшы, шеруге қатысушылармен қатар БАҚ өкілдері де заңмен қорғалуы тиіс. Сарапшылар: «Құқық қорғау органдары тілшілер қауымына кедергі келтірмей, керісінше қолайлы жағдай жасауы керек», – деп есептейді.
Асхат Садырбай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Өзіміз білеміз, соңғы уақытта болған митингтерде журналистердің зардап шеккені бар. Журналистер ол жерге құқықты бұзуға барған жоқ. Олар онда өздерінің жұмысын істеуге барды. Нәтижесінде «Олардың құқығы қорғалып жатыр ма?» деген сауал туындайды.
«Барлық ереже халықаралық тәжірибеге сай жүргізіледі», – дейді мамандар
Сәуле Амандықова, заң ғылымдарының докторы:
- Қарастырылып отырған жаңа заң жобасы халықаралық тәжірибеге сәйкес жазылған. Осы орайда халықаралық-құқықтық құжаттарға айтарлықтай үлкен талдау жүргізілді, оның ішінде шетелдегі тиісті заңдардағы нормалар қаралды. Атап айтқанда, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия және өзге де елдердің тәжірибесі қарастырылды.
Ұйымдастырушылар мен жергілікті атқарушы органдар арасында байланыс болу керек. Дәурен Абаев осындай пікріде. Әзірге заң жобасы өз күшіне енген жоқ. Әлі Мәжіліс қарауына жіберіледі. Айта кету керек, бейбіт жиындарды өткізу тәртібі жайлы ереже осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1995 жылы пайда болған.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Дәурен Жұрқабаев