Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету шаралары қарастырылуда
Бұл жайында Үкімет отырысында айтылды.
Қазір министрлер кабинеті Президент тапсырмасына сәйкес төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету шараларын қарастырып жатыр. Ал еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы әзірленуде.
Әлемде дендеген коронавирус де пандемиясы елімізді қыспаққа алды. Қысылтаяң шақта Үкімет Президент тапсырмасы бойынша бизнесті барынша қолдауға кірісті. Өйткені елде енгізілген төтенше жағдайға байланысты ойын-сауық орталықтары жабылды. Тек азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істеп жатыр. Кинотеатрлар да үлкен премьераларын кейінге шегерді. Тіпті спорттық шаралардың кестесіне де өзгерістер енгізілді. Енді кәсіпкерлердің «Қалай күн көреміз?» деген сауалына Үкімет отырысында жауап берілді.
Елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты салықтық декларация тапсыру мерзімі шегеріледі. Ал салық кейінге шегерілсе, оған өсімпұл есептелмейді. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін кәсіпкерлерді салықтан уақытша босату ұсынылды. Жеке кәсіпкерлер 1 жылға мүлік салығынан босатылады.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Ірі сауда орталықтары, кинотеатрлар, театрлар және спорттық нысандарға салықтық ынталандыру беру ұсынылып отыр. Біріншіден, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді мүлік салығынан біржола босату туралы ұсыныстар дайындалды. Екіншіден, салықтық борыш бойынша өсімпұлдар 1 тоқсанға тоқтатылады. Үшіншіден, салық бойынша есеп тапсыру мерзімі 3-інші тоқсанға ауысады. Үкімет бұл ұсыныстарды Президентпен талқыланған кейін жақын арада қабылданатын болалды.
Сондай-ақ 1 тоқсанға дейін өсімпұл есептелмейді. Ал 7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жерге салынатын салықтан босатылды. Бүгінгі Үкімет отырысында осы мәселелер жан-жақты талқыланды. Шағын және орта бизнесті қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Үкімет 7 бағыттан тұратын дағдарысқа қарсы жедел шаралар топтамасын бекітті. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын синхрондау арқылы саланы несиелендіру 1 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл ақша импортқа тәуелділікті азайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Отандық өнімдерді одан әрі көбейту және ұлттық экономиканың импортқа тәуелділігін азайту мақсатында қазақстандық өндірушілерді қосымша қолдау шаралары қабылданады. Ішкі нарықты толықтыру және өндірісті ынталандыру үшін ұлттық экономиканы кредиттеу көлемі айтарлықтай ұлғайтылады. Төтенше жағдай кезінде төлемдерін кешіктіру бойынша қарыз алушыларға айыппұл есептелмейтін болады. Банктер кәсіпкерлерге төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін жасауы керек.
Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы әзірленіп жатыр. Бұл мақсатқа 300 млрд теңге бөлінеді. Өңірлерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижесінде 120 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.
Авторы: Риат Шони