Бір жыл бұрын Н.Назарбаев өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады
Ол – пікірлер қайшылығы, ішкі мүдделер қақтығысы. Татулық төрден тайса, босағадан бүліктің бас сұғатыны бар. Ал мұндай сын сағаттар – кез келген елге үлкен ауыртпалық. Сондықтан Қазақстандағы билік транзитінің бейбіт түрде өтуін, сабақтастықтың жалғасуын саясатта жүргендердің кез келгені жоғары бағалайды.
Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ашығын айтайық, билік беру оңай нәрсе емес. Ешқандай катаклизмасыз, қиыншылықсыз биліктің транзитін жасау – үлкен сабыр, көрегендік, пендешілікке ұрынбайтын адам бойындағы жігер, мемлекеттің қамын ойлаған үлкен тереңдік. Осы мәселеге келгенде Нұрсұлтан Назарбаев шатасқан жоқ.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттің аяқтан тік тұруы үшін Елбасы аз тер төккен жоқ. Өйткені ол кезде әлем Қазақстанды бағыт-бағдары белгісіз мемлекет болып қалу-қалмауы екіталай ел ретінде қабылдады. Биліктің барлық сатысынан өткен саясаттың қайнаған қазанында пісіп жетілген тұлға қоғамның қарама-қайшылығымен күресіп шықты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Пәтерлерді жылытатын жылу болмай, суық үйде тұрды. Жалақыға, зейнетақыға ақша жоқ. Дүкендер бос. Сондай жағдайдан бастадық. «Бұл Қазақстан мемлекет болмайды» дегенді мен талай естідім. Дегенмен мемлекет құрылды.
Мемлекет құрылды. Оны түгел әлем мойындады. «Қазақ ұлт болмайды, болмысынан айырылады» деп айқайға аттан қосқандардың аузына құм құйылды. Қазақстан бүгінде әлемдік аренада ауызбіршілігімен, татулығымен ерекшеленеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Елдің сенімін арқалап осы жылдардың ішінде 100 жылға татитын шаруаны атқардық. Менің серіктестеріммен, замандастарыммен. Оның бәрі елге мәлім. Осы жылдардың ішінде экономикамыз 20 ретке жақын өсті. Осы жылдардың ішінде 2 мыңға жуық аурухана, поликлиника, 1 500 мектеп, мыңға тарта балабақша салынды. Осының бәрі халықтың жағдайы, әл-ауқаты үшін. Халықтың саны өзгерді. Мысалы, 1991 жылы тәуелсіздікті жариялаған кезде Парламенттегі Жоғарғы Кеңес депутаттарының ішінде қазақтың саны 44% болатын. Қазақстанда да солай болатын. Бүгін қазақ Қазақстанда 70% жетіп қалды.
Ал ең үлкен жетістігіміз әлемде 9-орын алатын ұлы дала шекарасының айқындалуы еді. Қазақтың мемлекеттік шекарасы әлдеқашан халықаралық нормаларға сай шегенделген.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- 14,5 мың шекараны келіссөзбен бекітіп, БҰҰ-ға тапсырдық. Шекараның 1-2 шақырым жері шешілмесе, ол – ылғи төбелес, соғыс. Мен оны шешіп, шегендеп, келер ұрпақтан бұл мәселені алып тастадым. Бұл – өте үлкен табыс. Бүгінгі күні Қазақстан экономикасының аумағы мына 4 ағайынды бірдей санасақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанды, бәрін қосқанда екі есе көп.
Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін нақыл бар. Түбі бір түркінің түгел болуына Елбасы аз үлес қосқан жоқ. Кеңес Одағы тұсында ағайынның арасына аздап сызат түскені бар. Бірақ тәуелсіздік алған соң Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Солақай саясат тілі, діні, ділі бір халықтардың бір-біріне деген бауырмалдығын жоя алмады. Қазір бұл елдер Қазақстанды әркез аға тұтады. Елбасыға ілтипаты ерекше. «Түркі әлемінің ақсақалы» деп қадірлейді.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Рухымызды сақтап, дүние жүзі халықтарымен терезесі тең боламыз, біз оқимыз, білімді боламыз. Солармен бәсекеге лайық боламыз деген ождан керек болды. Соны көтерді. Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік еңбегімен және өте сауатты жүргізген мемлекеттік саясатымен, сыртқы істер қарым-қатынасын өте жоғары дәрежеде қоя біліп, қысқа мерзім ішінде мемлекетімен 160-тан аса елмен дипломатиялық қарым-қатынас орната білді.
Қазақстан Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында тарихи ауқымы бар талай миссияларды іске асырды. Еліміз мүйізі қарағайдай халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Әлімсақтан көзқарасы қабыспайтын әртүрлі дін өкілдерінің басын қосып, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізді. Пәкістан, Үндістан, Иран мен Сирия, Ресей мен Түркия төңірегіндегі жағдайдың шиеленіспеуіне күш салды. Арнайы алаң ұсынды.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Нұрсұлтан Назарбаев ақылының, кемел саясатының арқасында Қазақстан көптеген қиындықты дер кезінде еңсере алды. «Асқар таулар алыстаған сайын асқақтайды» дейді. Сол сияқты Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі де биіктеп, бедерленіп көріне беретін болады. Ұлы тұлғаға уақыттың шаңы жұқпайды.
Қазақстандағы билік транзиті бейбіт түрде жүзеге асты, саяси сабақтастық сақталды. Әлем мойындаған білікті басшы, сарабдал саясаткердің бастамалары әрі қарай да сәтті жалғасты. Ғаламдық геосаяси жағдай ушыққан қазіргідей сәттерде Қазақстан үшін ең алдымен елдің тыныштығын сақтау – басты мұрат. Әлемдегі ең ірі 3 державаның екеуі іргемізде жатыр. Сондықтан саясаттағы осындай оң шешімдер мен батыл қадамдар ғана елдің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне кепіл бола алды.
Авторы: Шынар Асанқызы