Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әуежайды қалпына келтіру жоспарымен танысты
Осылайша жолаушы ағыны жылына 6 млн-ға арта түспек. Алматыға жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әуежайды қалпына келтіру жоспарымен танысты. Сондай-ақ Президент қалада қайта жөнделіп жатқан және құрылысы енді басталған бірқатар нысанға барды. Енді Алматының ажары тіпті арта түседі. Жолы кеңейеді, ботаникалық бағы түрленеді.
Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі төтенше жағдай аяқталғаннан кейінгі алғашқы жұмыс сапары. Ештеңе өзгерген жоқ, сол Алатау, сол бөктер. Сапардың ерекшелігі тек сақтықта, маскасыз жүрген ешкім жоқ. Жаңа қожайын, жаңа терминал. Алматы халықаралық әуежайының ендігі иесі түрік компаниясы алдағы екі жылда халықаралық әуеқатынастары үшін жаңа терминал салатын болды. Жобаның құны – 150 млн еуро. Аумағы 55 мың шаршы метр, осылайша Алматы халықаралық әуежайындағы жолаушылар ағыны қосымша 6 млн адамға артатын болады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жоспармен Алматы әуежайы Орталық Азиядағы ең ірі авиациялық хабқа айналатынына сенім білдірді.
Алматының бір проблемасы – көлік кептелісі. Мұны мегаполистің жетінші әкімі Бақытжан Сағынтаев та жақсы біледі. Мына жол айрығы сол проблеманы түгел шешпесе де, алматылықтардың жолдағы азабын жеңілдете түседі. Бұқтырма көшесімен қиылысатын «Құлжа» тасжолында көліктерге арналған үш деңгейлі жол айрығы Алматының солтүстік-шығыс бөлігіне түсетін жүктемені азайтады. Жобаның құны – 20,2 млрд теңге. Құрылысы өткен жылы шілдеде басталған, 2022 жылғы ақпанда аяқталуы тиіс.
Бірақ қазір жолдағы кептелістен де маңызды проблема бар. Ол – коронавируспен күрес. Елде эпидемилогиялық жағдай тұрақталғанмен, жұқтырғандар саны бес мыңнан асып кетті. Соның дені – Алматыда.
Енді алматылықтар көліктен шықпай-ақ, коронавирустық инфекцияға тест тапсыра алды. Президент Алматыда ашылған мобильді скрининг-орталықтың жұмысымен танысты.
Мұндай мобильді скрининг-орталықтарды Оңтүстік Корея алғаш болып қолдана бастады. Алматыдағы корейлік клиника күніне 150 адамның тест алуға әзір. Нәтижесі бір тәулікте белгілі болады.
Мин Хисук, MPK Clinic's бас директоры:
- Драйверс рум, яғни көліктен шықпай тест тапсыру тәжірибесі қазір көп елде бар. Бұл ең алдымен медициналық қызметкерлерді инфекция жұқтырудан сақтандырады. Процедура оңай, бірақ талаптары бар. Көлікте жүргізушінің өзі және артта бір жолаушы ғана отыруы тиіс. Және бәрі міндетті түрде маскамен келуі керек.
Осылайша клиника қызметкерлері алдағы екі айда алматылықтардың денін коронавирустық инфекцияға тексеріп шығуға ниетті. Әрине әрбірінің емес, қалтасы көтергеннің. Себебі қызмет ақылы, 15 500 теңге тұрады.
Нэлли Лаптева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұл өте ыңғайлы. Ешқандай құжат толтырған жоқпыз, процедураға бар болғаны бірнеше минут кетті. Қала орталығында орналасқан, терминал арқылы төлеуге болады. Иә, бағасы қымбат, бірақ есесіне қызмет көрсету сапасы жақсы, уақытың кетпейді.
Қазақстандық дәрігерлер мұндай індетпен алғаш рет бетпе-бет келіп отыр. Президентпен кездескен дәрігерлер алғашында абдырап қалғандарын жасырмай айтты. Қорқыныш, сенімсіздік. Бірақ мемлекеттік деңгейде дер кезінде қабылданған шаралар, уақытында көрсетілген көмектің арқасында індет ауыздықталды. Дәрігерлер осындай сын сағатта ерекше қолдау білдіргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтты. Мемлекет басшысы да медбикелерді мерекемен құттықтауды ұмытқан жоқ.
Алматының бас ботаникалық бағын қалпына келтіру жұмыстары да аяқталуға жақын. Бақты қайта қалпына келтіру жұмысын Болат Өтемұратов қоры 2018 жылы бастаған. Бақшаны қалпына келтіруге 5 млрд теңге жұмсалды. Ботаникалық бақта 175 мыңға жуық жаңа өсімдік отырғызылды. Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімдігі мен қордың бірлескен жұмыстарын жоғары бағалады. Мемлекет басшысының ойынша, қала тұрғындары мен қонақтарының таңдауы таудан кейін осы ботаникалық баққа түсуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ботаникалық бақ – алматылықтар мен қазақстандықтар үшін, әсіресе осында туып өсіп, жастық шағын өткізгендер үшін танымал жер. Алматы тұрғындарын осы аумақты сақтауға, оған өз үйіндей қарауға шақырамын. Әкімдік пен қор бірігіп, үлкен әрі керек жұмыс атқарды деп ойлаймын.
Алматыда әлеуметтік қызмет көрсету үйі ашылады. Ол үшін мына ескі ғимаратты жөндеуге жол картасы аясында 1,3 млрд теңге бөлінген. Бұл мекеме халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына «Бір терезе» қағидаты бойынша түрлі қызмет көрсетеді. «Пандемияға қарамастан, азаматтарымызды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерімен айналысу маңызды. Бұл – басым әрі стратегиялық міндет», –деді Президент.
Данияр Әлкебайұлы, Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары:
- Жоспар бойынша бұл ғимарат ашылған соң осы жерге барлық мемлекеттік қызмет орналасатын болады. Open space және бір терезе қағидаты бойынша жүргізілетін болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы нысанды аралау барысында Үкіметке берген жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу туралы тапсырмасының мәнін түсіндіре кетті. Қазақстан Президентінің пікірінше, бұл жаңалықтың мақсаты – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. Мұндай жүйе бірқатар мемлекетте қолданылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз бұл мәселеге әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету жағынан қарауымыз қажет. Жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізудің түпкі мағынасы мынада жатыр, табысы аз азаматтар аз салық төлеуі тиіс. Сәйкесінше, табысы көп азаматтар салықты көп төлеуі қажет. Мысалы менің ойымша, айына 250-300 мың теңге жалақы алатын азаматтар табыс салығын 7% мөлшерлеме бойынша төлеуі тиіс. Яғни қазіргі 10% төмен болуы керек. Ал айына 300 мың теңгеден 1,5-2 млн теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10% мөлшерлеме сақталады. Ал 25 млн теңгеден көп табыс табатын азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме көлемі артуы тиіс деген пікірдемін. Әрине, мөлшерлеме көлемін үкіметтік комиссия анықтайтын болады. Ол түрлі болуы мүмкін.
Дегенмен Президент: «Жеке табыс салығының пайыздық мөлшерлемесі 15% аспауы керек», –деп есептейді. Бұл мәселені мамандар әлі талқылайды, оң, терісін бағалайды, бірақ тоқетерін Президент айтады. Ал әлеуметтік әділдік орнату мәселесінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы белгілі.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Дулат Ентебеков