ЕАЭО стратегиялық дамуы туралы құжат қайта қарауға жіберілді
Бұл жиналыста ұйымға қатысушы бестікке ортақ проблемалар талқыланып, келелі ұсыныстар айтылды. Бірақ нақты шешім мемлекет басшыларының бетпе-бет кездесуі кезінде қабылданатын болды. Десе де, ұйымның мүддесін қорғауға бағытталған негізгі салаларды сараптама сүзгісінен өткізуді жөн көрдік.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Бестіктің бұл жолғы жиынын тарихи кездесуге балап жатқан сарапшылар да бар. Жиынның онлайн форматта өткені өз алдына, кездесуде қабылдануы тиіс құжат қабылданбай қалды. Нақтырақ айтқанда, бес елдің президенттері кеше бірауыздан ЕАЭО-ның алдағы бесжылдыққа арналған даму стратегиясын қабылдауы тиіс еді. Бірақ кейінге қалдырылды. Оған себеп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құжаттағы кейбір ұсыныстардың ақылға қонымсыздығын ашық айтты. Еуразиялық экономикалық одақтың о баста көздегені интеграция, яғни мүше елдер арасында шекарасыз кеңістікті қалыптастыру болатын. Бірақ керісінше, кедергілер мен шектеулер әлі де азаймай отыр. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев тауарлардың кедергісіз өтуін тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындау керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірінші кезекте тауарлардың кедергісіз әрі шектеусіз тасымалын іс-жүзінде қамтамасыз еткен жөн. Стратегиядағы кеден ісі, техникалық реттеу, тұтынушылардың құқығын қорғау секілді бөлімдері «ақылға қонымдылық» қағидатына әлі де толық жауап бермейді. Бұл қоғамның стратегияны қабылдамауына әкеп соқтырады. Өйткені стратегия үкіметтер мен парламенттердің дербес құқығын шектеп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның құзырына кіретін мәселелерді қайта қарауға шақырды. Себебі құжатта мынандай мәселе айтылған. Егер одаққа мүше елдер өзара сауда мәселелері бойынша үшінші бір елдермен екіжақты келіссөз өткізсе, оған еуразиялық комиссия өкілдерінің қатысуға құқы болуы тиіс. Бірақ Қазақстан мұны құптамайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде, мұның іс жүзіне қалай іске асырылатынын елестету қиын. Екіжақты келіссөздерге комиссия өкілі қатысып отырады. Сауда, инвестиция саласы ұлттық құзіреттілікке жатады. Себебі ол басқа елдердің мүдделеріне қайшы келмейді. Тиісінше бұл жұмысқа комиссияны тарту, ашығын айтқанда, бізге түсініксіз. Егер тараптар үшінші елдермен келісімнен кейін Еуразиялық экономикалық комиссияға ақпарат берсе, келіссөздерге дайындық жұмыстарына кеңес сұраса, келіссөзге қажетті ақпаратпен, тәжірибемен алмасса, онда әңгіме басқа.
Ал Ресей тарапы Еуразиялық экономикалық комиссияның құзырына денсаулық сақтау, білім беру және ғылым салаларын қосуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл – интеграцияның экономикалық сипатына мүлдем қайшы келетін салалар. Сондықтан одақтың экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жібереді. Сондықтан бұларды тек «экономиканың бір бөлігі ретінде қарастыруға болады» деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аталған мәселелерді бесжақты форматта қарастыру, оның нақты іске асуын қиындатады. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру, оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни 2015 жылғы ЕАЭО құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді.
Әлеуметтік желіде кейбір сарапшылар «Жаңа құжаттың жобасы белгілі бір елдердің саяси мүдделеріне сай жасалған» деген пікірді ашық айтуда. Тіпті одаққа мүше елдердің мемлекеттік саясатына араласуды көздейтін ережелер де бар дейді. Бірақ қалай болғанда да Қазақстан Президентінің бастамасымен құжаттағы шешімдерді нақтылау кейінге қалдырылды. Еуразиялық экономикалық комиссияның құрамын жасақтау талаптарын өзгертуді ұсынды. Комиссияның қазіргі тәртібі бойынша атқарушы лауазымдар әр мемлекеттің құйған қаржысына қарай таратылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ортақ істі қолға алғанда комиссия құрамындағы орындарды квотамен таратқан дұрыс емес. Бұл ретте халықаралық ұйымдардың тәжірибесін ескеру керек. Оларда ортақ тәртіп бар. Комиссияның құрамына алғанда адамның кәсіби біліктілігіне баса назар аударған жөн.
Сонымен құжат мақұлданғанымен, қабылданған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев дәл қазіргі жағдайда мүше елдер экономиканы қайта қалпына келтіру мақсатында бірігіп қимылдауы тиіс екенін айтты. Ол үшін қазіргі дағдарыс жағдайында тауарларды міндетті таңбалауды кейінге қалдыру, көлік-логистикалық қызметтердің бірыңғай желісін дамыту мәселелері бар.
Авторы: Шынар Асанқызы