Еліміздегі Мәжіліс пен мәслихат сайлауларына 15,3 миллиард теңге жұмсалады
Қаражаттың біраз бөлігі сайлау комиссияларының 70 мың мүшесіне еңбекақы ретінде төлеуге бағытталады. Қалған сома бюллетендерді, полиграфикалық өнімдерді дайындау және ақпараттық қолдауға жұмсалады.
Жалпы бұл жолғы саяси науқанға бұрынғысынан мол қаражат бөлінеді. Себебі елде дауыс берушілердің саны артқан. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы науқанның өту кезеңін, уақытын, қорытындысы мен қатысу талаптарын жариялады.
Бірлік Берікұлы, тілші:
– Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу шараларын бекітті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, кандидаттарды ұсыну 10 қарашада басталып, 30 қарашада кешкі сағат 18:00-де аяқталады. Ал үміткерлерге қойылатын талаптар Конституциялық Заңда көрсетілген. Атап айтқанда, сайлауға қатысушы міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы керек. Осы ел төңірегінде соңғы 10 жыл ішінде тұрғанын растау қажет. Және жас мөлшері 25-тен кем болмауы шарт. Одан кейін, әрине, сайлау құқығы да сұралады.
Ал партиялық тізімдерді тіркеу шаралары 10 қарашада басталып, 10 желтоқсан күні кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Құжаттардың тізбесі де Заңмен бекітілген. Айтпақшы, сайлаудың жарнасы 679 500 теңгені құрайды. Оны партиялық тізімге енген әр адам үшін төлеу керек. Ал бұған дейінгі сайлауда 7 проценттік межеден асқан партиялар, яғни «Nur Otan», «Ақ жол» мен «Қазақстан коммунистері» партиясы жарна төлемейді.
Партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталғанда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Ол 10 желтоқсан күні кешкі сағат 18:01-де басталып, 2021 жылы 9 қаңтарға қараған түнгі сағат 00:00-де аяқталады. Яғни сол күн 9 қаңтар тыныштық күні болып белгіленеді. Ал дауыс беру уақыты 10 қаңтарда таңғы сағат 7:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Ережеге сәйкес, дауысты 12 сағаттың ішінде санап шығу қажет. Ал нәтижені Орталық сайлау комиссиясы жеті күн ішінде жариялайды. Осы ретте айтып өтейін, Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.
Берік Имашев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
– Мәжілістің 9 депутатын Халық бірлігі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтудың негізгі институты болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжілісті қалыптастырудың бірден-бір принципі – Ассамблеяның өкілдігі бұл біздің ерекшелігіміз.
Енді биылғы шығын көлеміне тоқталайын. Елдегі саяси маңызды науқанға шамамен 10,8 миллиард теңге бағытталады. Қаржының 7,3 миллиард теңгесі қызметкерлерге жұмсалады екен. Атап айтқанда, 10 061 сайлау комиссиясында жұмыс істейтін 70681 адамның еңбекақысы. Қалған 3,5 миллиард теңге сайлау комиссияларының ұйымдастыру шығындарына жоспарланған. Сондай-ақ карантиндік шараларды сақтау үшін комиссия мүшелерін қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге 341,4 миллион теңге бөлінбек.
Жалпы Мәжіліс пен мәслихатқа сайлауды біріктіріп өткізудің арқасында мол қаржы үнемделді, бөлек өткізілген жағдайда 25 миллиард теңге жұмсалуы мүмкін еді. Айта кетейін, мұндай ақпаратпен Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина бөлісті.
Сәбила Мұстафина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:
– 2021 жылға арналған шығыстар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында 4,5 миллиард теңге сомасында көзделген және бұл соманың барлығы дерлік сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбегіне ақы төлеуге жұмсалады. Осылайша тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының біріккен сайлау науқанына шығыстардың болжамды сметасы 15,3 миллиард теңгені құрайды. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалану жөніндегі ұтымды шешім болып табылады, яғни кампанияларды бөлек өткізген кезде шығыстар сметасы 25 миллиард теңгені құрайтын еді.
Жалпы тәуелсіз еліміздің тарихында Парламент Мәжілісінің сайлауы 6 рет өткізіліпті. Ең әуелгісі – 1995 жылғы сайлау. Ол кезеңде төменгі палата құрамына 67 депутат енген. Екінші сайлау төрт жылдан кейін өткізіліп, алғаш рет «аралас жүйе» тәсілі қолданылды. Яғни саяси кампанияға 10 партия қатысып, әр орынға 8 үміткерден келді. Ал соңғы сайлау 2016 жылдың 20 наурызында өтті. Ол науқанға 6 партия қатысты. Оның үшеуі 7 проценттен көп дауыс жинап, заң шығарушы орган мандатына ие болды. Сол кезде депутаттық корпустың 60 проценті жаңарған болатын.
Авторы: Бірлік Берікұлы