«Ауыл» партиясы жастарды ауылға шақырады
Әрине, бұл статистикаға қарап, жастарымыздың басым бөлігі қалада екеніне көз жеткізуге болады. Сонда жалындаған жастарымыз, өз болашағын ауылмен байланыстырмайтын болған ба? Осы сауалдың жауабын іздеген «Ауыл» партиясы арнайы пікірталас ұйымдастырды. «Дала» мен «қала» болып екіге бөлінген топ мүшелері өз ойларын ортаға салды.
Ауыл. Мейлі ауылдың қай тұсы болмасын ауыз толтырып айтуға болады. Саф ауасы, тұмса табиғаты, табиғи өнімдері мен қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрдің иісі аңқыған қонақжайлық. Иә, барлығы ауылға тән құбылыс. Сайысқа түскен дала ұжымы осындай артықшылықтарды тілге тиек етті. Дода үшін емес, әрине. Шынайы келбетті суреттеді.
Ботажан Бердімұрат, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенті:
– Мен өзім жеке басым ауылға барып жұмыс істеуге қарсы емеспін. Тіпті қуана-қуана келісемін. Бірақ мен осы ұсынылып жатқан бағдарламаларды зерттей келе, оның өте тиімсіз екенін аңғардым. Ауылға барып жұмыс жасау үшін, ол жерде жағдайдың жоқтығын ескере кетуіміз керек. Менің ойымша, көптеген жастар ауылға барып, жұмыс істеуге қарсы емес.
«Қала» командасы аты айтып тұрғандай, қаланы жақтады. Әрине, заман көшіне орай, өркениеттің өлкесі атанған мегаполистен мін табу мүмкін бе? Интернет, инфрақұрылым, қысқасы қолайлы жағдайдың бәрі бар. Ұжым мүшелері ауылда жұмыстың жоқтығын да айтып отыр.
Нұрсұлтан Құлкей, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенті:
– Студент қандай қаланың жағдайына ыңғайланады? Және де кейін ауылға баруға жасқанады. Өйткені ауылда интернет төмен, су жоқ. Жас маманды ауылға тарту үшін бірінші интернетті, суды, жылумен ауылды қамтамасыз ету керек деп ойлаймын.
Жастардың бұл пікірталасынан түбегейлі ой қорытындылау әбестік. Дегенмен «Ауыл» партиясы сөзден нақты іске көшуді ұсынып жүр. Ең алдымен жүйелі бағдарлама әзірлеу керек. «Әрбір жастың болашағы айқын көрінетін даңғыл жол түзілсін», – дейді. Партия мүшелері: «Ауылға жастарды тартпас бұрын, ауылдың ахуалын арттыру керек», – деп есептейді.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Динара Кунафина