Мәжіліс 2020 жылғы жұмысын қорытындылады
Оның айтуынша, Мәжілістің жұмысы толықтай Тұңғыш Президент – Елбасының стратегиялық тапсырмалары мен Мемлекет басшысының бастамаларын, сондай-ақ халыққа Жолдауын сапалы заңдармен қамтамасыз етуге арналды.
Осы шақырылым барысында депутаттар – 487 заң жобасын қарап, оның 432-сін мақұлдады. Бүгінде оның 400-ге жуығына Президент қол қойған.
Тұтастай алсақ, 6 шақырылымда Парламент палаталарының 23 бірлескен отырысы 1208 мәселе қаралған Мәжілістің 186 жалпы отырысы өткен. Мәжіліс депутаттары осы шақырылымда 60 заң жобасына өздері бастамашылық етті. Мәжілісмендер 8 ай талқылап, мақұлдаған Денсаулық Кодексі – биыл қабылданған ең өзекті құжаттардың бірі. Құжатта эпидемиялық жағдайда жылдам әрекет ету үшін Бас санитарлық дәрігердің өкілеттілігі кеңейтілген. Вакциналардың сапасы мен тиімділігін бақылау қатаңдатылды.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Вакцина төңірегіндегі пікірталас енді сейілуі тиіс. Себебі депутаттар құжатқа нақты өзгерістер енгізді. Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігін бақылайтын комитеттің өкілеттігін кеңейтіп, екпелердің сапасын толық тексеруге күш салынатын болды.
Елбасының бастамасымен әзірленген «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын да депутаттық корпус көпшіліктің пікірін ескеріп, мақұлдады. Ұстаздар қауымынан 18 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Тарихи құжат төрт бағытты қамтиды. Біріншіден – ұстаздар артық жүктемеден босатылды. Екіншісі – мұғалімнің қызметіне қойылатын талап күшейді. Үшінші – ынталандыру, төртінші – материалдық қолдау.
Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Біздің қоғамда мұғалімге деген көзқарас басқаша. Жалақысының төмен болуы, өзіне тиісті емес жұмыстарға тартуға байланысты мұғалімдер жұмыс істегісі келмейді. Ата-аналармен қарым-қатынастары әртүрлі. Оларды өз деңгейінде қорғап жатқан жоқпыз.
«Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес ұстаздардың жалақысы алдағы 4 жылда кезең-кезеңімен 2 есеге өседі. Ал демалысы 56 күнге ұлғайтылды. Мәжіліс қоғаммен жарты жыл талқылаған келесі құжат – бейбіт шерулер туралы заң. Мақұлданған нормаларға сәйкес, митинг ұйымдастыру үшін бұрынғыдай әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ. Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында бейбіт шеру ұйымдастыру үшін арнайы орындар бекітілді. Осылайша азаматтардың өз ұсыныстарын билікке жеткізу мүмкіндігі артты.
Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іс-жүзінде көрініс табуда. Енді бейбіт жиын өткізушілер бұрынғыдай әкімдіктен рұқсат алуы қажет емес. Ескертеді де белгіленген күні, белгіленген уақытта бара береді. Заңда оны тоқтатудың себептері де көрсетілген. Бірақ ондай себептер саны анағұрлым қысқарды.
Қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігі – ел Президенті қойған міндеттердің бірі. Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырманы орындау үшін Мәжіліс депутаттары Кодекс құжатын сарапшы экологтар, қоғам белсенділерімен бірге талқылады. Елімізде енді үздік қолжетімді технологиялар қолданылмақшы. Талапты 2025 жылдан ерте орындаған кәсіпорындар эмиссиялық төлемдерден босатылмақ.
Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Егер үздік қолжетімді технологияларды енгізіп, бірақ қандай бір жекелеген көрсеткіштер бойынша белгіленген нормативтерге қол жеткізе алмаған жағдайда осындай кәсіпорындар не істеу керек?
Оларға 10 жыл уақыт берілетіндігі анықталды. Депутаттар кәсіпорындар тығырыққа тіремеуді алға тартты. Өндіріс көлемі азайып, жұмыс орындары қысқаруын болдырмау қажет. Сонымен қатар биыл «Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс» және Салық Кодексі, сондай-ақ Кедендік реттеу, Жер қойнауын пайдалану туралы маңызды құжаттар да Мәжіліс мақұлдады.
Осы шақырылым барысында депутаттар 487 заң жобасын қарап, оның 432-сін мақұлдады. Бүгінде оның 400-ге жуығына Президент қол қойды.
Авторы: Индира Жылқайдарова