Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қаңтар елеулі өзгерістерге қатысты Үндеу жасайды
Содан соң Президент БАҚ өкілдерімен кездесті. Ол алда болатын елеулі өзгерістерге қатысты қаңтардың 15-інде Үндеу жасайтынын айтты.
Қорған Төреқожа, тілші:
- №58 сайлау учаскесіне жиыны 3040 адам тіркелген. Азаматтар ала таңнан келіп таңдауын жасауда. Ал сағат тілі күндізгі 11:30 болғанда бұл жерге Мемлекет басшысының өзі келді. Қазір Президент арнайы орынға кіріп, таңдауын жасауда. Осы сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлының бюллетенін жәшікке тастап жатқанын көріп тұрмыз.
Таңдауын жасаған соң Президент БАҚ өкілдерімен кездесіп, арнайы сұхбат берді. «Парламентке неғұрлым көп партия өтсе, нұр үстіне нұр», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл сайлау біздің халқымыздың одан әрі дамуына үлкен серпін береді деп мен ойлаймын. Жалпы Парламентке неғұрлым көп партия кірсе, біздің еліміздің болашағы үшін соғұрлым жақсы болады деп мен үміттенемін. Тағы бір маңызды мәселе – Парламенттің негізгі міндеті сапалы түрде заңдарды қабылдау. Қазақстан үшін сапалы заңнама жүйесі керек.
Бұл сайлау – елде демократияның көкжиегін кеңейтуге жасалған кезекті қадам. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Парламентте елдің, халықтың тағдыры турасында кеңінен пікірталас болуы керек», – деді. Бұл ретте бәріне теңдей жағдай жасалады. Жасалды да.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрбір үміткерлерге біз теңдей жағдайды жасап бердік. Жалпы сайлау өте жақсы, заңнамаға сәйкес жүргізілуде. Ешқандай бұзушылықтар жоқ. Бұл сайлау – біз үшін, қоғам үшін өте үлкен сынақ.
Тәуелсіздіктің 30 жылында ел дамудың сан қырлы кезеңінен өтті. Алда да бізді елеулі өзгерістер күтіп тұр. Қандай жаңашылдықтар болады? Осыған орай Президент қаңтардың 15-інде арнайы Үндеу жасайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Реформалар дайындалып жатыр. Реформалар тоқтап қалмауы тиіс. 15 қаңтарда Парламентте сөз сөйлеп, оның ішінде Мәжілістің жаңа құрамына да Үндеу жасаймын. Одан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтіп, онда реформалар мәселесіне қатысты өте салмақты әңгіме қозғалады.
Сайлаудан кейін ел үкіметі отставкаға кете ме? Заң бойынша кетуі тиіс. Президент те бүгін тілшілердің сұрақтарына жауап берген кезде осыны айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкіметке қатысты айтар болсам, біздің заңнамамызға сәйкес ол отставкаға кетуі тиіс. Сайлау аяқталғаннан кейін таяу уақытта Премьер-Министрдің, сонымен қатар Үкімет мүшелерінің кандидатуралары бойынша депутаттардың жаңа құрамымен фракция басшыларымен кеңесу үшін Парламентке барамын.
Президент тілшілерге берген сұхбатында сайлаудан кейін Америкада орын алған жайтқа қатысты да пікір білдірді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас тұрақты дами түсеріне ниеттіміз», – деді. Еліміз егемендігін алған соң алғашқылардың бірі болып Америка біздің Тәуелсіздікті мойындаған мемлекет. Ондаған жылда екі ел арасына сызат түспеген. Сондықтан сенімді серіктесімізде болып жатқан ахуал бізді де алаңдатары анық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлбетте, бүкіл әлем сияқты Қазақстан да Америка Құрама Штаттарында орын алған жайтты жіті бақылап отыр. Сайланған Президент Джо Байден жасаған қорытындымен келісу қажет деп санаймын. Америкалық демократияның қамалы – Капитолияның басып алынуы заңсыздық, экстремизм екендігі сөзсіз. Заңсыздық пен экстремизмге қатысты тиісті шара қолданылуы тиіс. АҚШ Президенті Джо Байден жасаған қорытынды өзге де елдерге қатысты қолданылады деп үміттенемін және де бұл қорытынды әмбебап болады.
Саяси дода биыл тартысты өтіп жатқанға ұқсайды. Мұны шеттен келген байқаушылар да айтып отыр. Айталық, Президент дауыс берген сайлау учаскесінде Германиядан келген мамандар жұмыс істеп жатыр. Олар: «Әзірге жұртты түлкібұлаңға салып жатқандар байқалмады», – дейді.
Авторлары: Қорған Төреқожа, Жандос Битабаров, Айдос Меделбеков