Мәжілісте Қырғыз Республикасымен көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы құжат ратификацияланды
Ресей, Түркия мен араб елдерінен контрафакт тауарлар бар. Мәжіліс депутаттары бағалы металдар мен асыл тастарға қатысты келісімді ратификациялау барысында көлеңкелі айналыммен күрес тетіктерін ұсынды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, бағалы металл, асыл тастардың заңсыз айналымы үшін елімізде айыппұл қарастырылған. Осы тұста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әкімшілік жауапкершілік пысықайларға тосқауыл еместігін алға тартып, министрлікке халықаралық тәжірибені ескеріп, жазаны қатаңдатуды ұсынды. Себебі алтын мен асыл тасты сатса, пайдасы ұшан-теңіз. Бұл ретте депутаттарды қолдайтынын да жеткізді. Ресей мен Беларусьта зергерлік бұйым-бағалы металдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жаза қарастырылған.
Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Келісімде одаққа мүше елдер бағалы металдар мен асыл тастардың заңсыз айналымы үшін әкімшілік немесе өзге де жауапкершілікті үйлестіретін болады деп көрсетілген. Министрліктің қандай жоспары бар? Жазаны күшейту шарасы қабылданады ма әлде жеңілдетіледі ме?
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- 2016 жылдан бері министрлік бағалы металдардың заңсыз айналымы үшін жазаны күшейту бойынша бастама көтерді. Бірақ Қылмыстық кодексті ізгілендіру мақсатында бұл ұсыныс қолдау таппаған. 2019 жылдан бері әкімшілік кодекске айыппұл төлету нормасы енгізілген.
Мәжілісте сондай-ақ Қырғызстанмен арада көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы құжат ратификацияланды. Заң жобасы қос азаматтықпен күресуге мүмкіндік береді. Өткен жылы Қазақстанға Қырғызстаннан 281 мыңнан астам, биылғы екі айда 25 мыңнан астам азамат келген. Ал біздің елден былтыр 175 мың азамат Қырғызстанға барған.