Мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде жиын өткізді
Бүгін елдегі эпидемиологиялық жағдайға шолу жасаған Президент: «Жауапты министрлердің жұмысы сылбыр жүріп жатыр», – деп сынады. Өйткені жыл соңына дейін 6 миллион адамға екпе салынуы тиіс болса, қазір соның небәрі 0,2% ғана қамтылған.
Шілдедегі жағдай қайталанбасын деп тілейік. Өйткені кей ауруханалар ең қажет деген құрылғыларға әлі де қол жеткізе алмай отырған көрінеді. Бұл үшін кімдер жауап береді? Кімдер қызметімен қоштасады? Президент оны ашық айтты.
Вакциналау басталғалы екі ай өтті. Министрлік: «Ақпанда 100 000, наурызда 150 000 адамды қамтимыз» деп уәде беріп еді. Наурыз аяқталды. Ал вакцинаның толық курсын алғандар саны бар-жоғы 47 мың. Сырттан келуі тиіс препараттар дер кезінде жетпеді, отандық вакцина өндірісі де өрге баспай тұр. Әрине, бұдан кейін 6 млн адамды қамту жайлы айтудың өзі күмәнді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет «Спутник V» және отандық вакцина өндірісі туралы келісімдер елдің вакцинация қажеттіліктерін толығымен қанағаттандырады деп сендірді. Осы мәліметтер негізінде мен 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинация жарияладым. Иммундау деңгейі бойынша біз алдыңғы қатарлы мемлекеттерден едәуір артта қалып отырмыз. Бүгінгі күні 47 мыңға жуық адам иммундау курсын аяқтады. Бірінші компонент – 137 346 адам. Мұндай жағдайдың себебі – қарапайым вакциналардың жетіспеушілігі.
Енді билік вакцинаның қосымша дозасын жеткізу үшін басқа елдермен келіссөз жүргізуге мәжбүр. Қазір қай елдің де жағдайы оңып тұрған жоқ. Барын бұлдамай, бере салуы екіталай. Амал жоқ, екі есе бағасына сатса да, көнгелі тұрмыз. Жұмыстың сылбыр жүруіне Президент министр Алексей Цойды кінәлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алексей Владимирович, мен сізге бұрын да ескерткенмін, Денсаулық сақтау министрі – үкіметтегі негізгі тұлға, сіздің өкілетіңіз ерекше. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз да, бірақ кейіннен екпінді азайттыңыз. Сәуір айында жағдайды өзгертуге тиіссіз. Әйтпесе көңіліңізді қалдыратын кадрлық шешім қабылданады. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, тұтас үкіметке қатысты.
Қазір кәсіпкерлік нысандарға жүргізілетін арнайы рейдтерді өз пайдасына жарататын мониторингтік топтар бар. Өйткені бір мекемелер үнемі тексерілсе, енді біріне мүлде бас сұқпайды. Президент: «Ведомствоаралық комиссия мен әкімге осындай топтардың жұмысын ретке келтіруі керек», – деді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің кредиттерін төлеу кейінге шегеріліп, олардан салық пен кедендік қарыздарды мәжбүрлеп өндіріп алуға болмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет сәуір айынан бастап жаппай вакциналау арқылы жағдайды жақсы жағына қарай өзгерте алады деп үміттенемін. Ал мамыр айынан бастап шағын және орта бизнестегі, оның ішіндегі қызмет көрсету салаларындағы шектеуді біртіндеп алып тастауға болады. «Ашық» мобильді жобасының қолдану аясын кеңейту тек бизнестің ғана мақсаты емес, Үкімет бұл жүйенің барынша кеңінен енгізілуін қамтамасыз етуі керек.
Коронавирустың мутацияға ұшыраған түрі Қазақстанға да келіп жетті. Ел азаматтарынан «британдық», «оңтүстік африкалық», «бразилиялық» штамға тән белгілер анықталып жатыр қазір. «Вирустың «британдық» түрі тым қауіпті», – дейді дәрігерлер. Өйткені жылдам таралады, өлім-жітім жиі тіркелетін көрінеді. Вирустың бұл түрін Мысыр және Біріккен Араб Әмірліктеріне барған отандастарымыз жұқтырып келген.
Ақпаннан бастап ПТР тестілеу нәтижелері жоқ әуе жолаушыларының саны екі есеге өсті. Егер 2020 жылдың қараша айында ПТР сертификатсыз Қазақстанға келетіндердің үлесі 7,3% болса, қазір ол 27% жетті. Нәтижесінде елде мутацияға ұшыраған барлық штамдардың бар екені расталды. Инфекциялардың өсуі ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқастардың артуына әкеліп соғуда. Сондай-ақ өлімнің көбеюіне әкеледі.
Қазір ауру адам былай тұрсын, сол аурумен бетпе-бет күресіп жүрген дәрігерлердің қорғаныс құралдары сын көтермейді екен. Біздегі терапия бөлімшелерінің 64% ғана қажет құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Шілдедегі жағдай қайталанса, қарсы тұра алмай, сан соғып қалуымыз әбден мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кей ауруханаларда дәрігерлер аурудан қорғауға қауқарсыз сапасыз костюмдерді киіп жүр. Енді бір аймақтарда жеке қорғаныс құралдарының тапшылығы байқалады немесе сатып алған заттардың сапасы сын көтермейді. Біз «СК-Фармация» компаниясының басшысын ауыстырдық. Дәл қазір жаңа басшылық үшін басқару мүмкіндігін көрсететін сәт келді. Егер көрсете алмаса, жұмыстан босатылады.
Қазір індетті емдеуге арналған арнайы препарат жоқ. Бар үміт – вакцинада. Бірақ бізде екпенің төңірегіндегі қоғам пікірі екіге жарылып тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев екпеге қатысты түрлі қауесетке сенбеуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек. Осы маңызды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартқан жөн. Бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды. Өйткені ұжымдық иммунитет қалыптаспай, санитарлық шектеуді толығымен алып тастау мүмкін емес. Қызметкерлермен және олардың отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.
Көптеген сарапшының айтуынша, 2021 жылы жалпы ахуал жақсарып, қайта өсім болып, пандемиядан кейін азаматтардың тұрмыс сапасының артуына мүмкіндіктер бар. Президент: «Биыл коронавирустан біржола арылатын жыл боларына сенемін», – деді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Бақытбек Нұртаев