Еліміз бюджет шығыстарын 1.3 трлн теңгеге ұлғайтатын болды
Ал коронавируспен күреске 265 млрд теңге қарастырылып отыр. Мәжіліс депутаттары 2021-2023 жылдарға арналған бюджет туралы заң жобасын мақұлдады.
Халықтың тұрмысын жайландырып, тегіс экономиканы жандандыру, тұралаған салаларға жан бітіру – әсіресе тәж вирусының беті қайтпай тұрған заманда үлен жауапкершілік. Сол себепті де Мәжіліс депутаттары үшжылдық бюджет туралы заң жобасын ұзақ әрі кеңінен талқылады. Әдеттегідей басым бағыт – әлеуметтік сала. Оған жұмсалатын қаржы 374 млрд теңгеге ұлғайтылып отыр. Жауапты салалық министр ел экономикасы өсімінің болжамы 2,8%-тен 3,1%-ке дейін жақсарғанын баяндады.
Айгүл Нұркина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2021 жылдың басында ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 1.6% төмендеді. Әлемдік экономика қалпына келген жоқ. ОПЕК келісімімен Қазақстан мұнайды шектеулі көлемде ғана өндіреді. Оң болжам қайдан алынды? Нақты қай салада өсім болады?
Әсет Ирғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Экономика өсімі алдын ала болжанған 2.2% емес, одан азырақ 1.6% төмендеді. Өсім негізінен металлургия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы есебінен жүзеге асырылмақ. Биыл экономиканы қалпына келтіру шаралары атқарылады.
Осы ретте Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин экономиканың нақты секторына 723 миллиард теңге бөлініп отырғанын айтып, өсімді еселеу үшін қаражат қайда бағыттауды айқындау қажеттігін атап өтті. Ал коронавируспен күреске бюджетте 265 млрд теңге қарастырылған. Депутаттар екпе алу баяу жүргізіліп жатқанын сынады. Президент жыл соңына дейін 6 млн адамға екпе салуды тапсырған болатын. Алайда қазір тек 400 мың жан ғана толық вакцина алған. Сондай-ақ мәжілісмендер Жамбыл облысындағы отандық вакцина шығаратын зауытта өндіріс қашан және қай көлемде жасалатынын сұрады. Зауыт іске қосылса, жылына 60 млн доза QazVac шығарады. Депутаттар «қойшы көп болса, қой арам өледінің» керін қылмай, зауыт жұмысына жауаптылықпен қарауды сұрады.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазіргі кезде бар тапқан кемшіліктер мен олқылықтарға біраз назар аудардық. бюджет арқылы бөлінетін қаражатты дұрыстап қадағалауымыз керек. Кейбір дамыған мемлекеттерде қазіргі кезде пандемияға қарамастан вакцинация дұрыс өткеннен кейін бизнес объектілері қайтадан ашылған. Бізде әлі күнге дейін Денсаулық сақтау министрлігі сол вакцинацияны тиісті деңгейге шығармай шағын және орта бизнеске үлкен кедергі жасап отыр.
«Экономикалық өсім құр сандармен, процентпен өлшенбей, нақты халықтың тұрмыс жайымен бағаланса игі», - деген Мәжіліс төрағасы депутаттық корпус үкіметпен жүйелі жұмыс жасауға әзір екенін жеткізді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бүгінгі бюджетте әдеттегідей әлеуметтік қолдауға, денсаулық, білім, еңбек қамту салаларына және жол құрылысы тағы басқа да маңызды бағыттарды жүзеге асыруға қосымша қаражаттар қаралды. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Ендігі міндет – осы бөлінген қаражаттарды алға қойған мақсаттарға тиімді пайдалану. Әрине, бұл сұрақтар Мәжіліс депутаттарының да бақылауында болады.
Халықты еңбекпен қамтудың жол картасына 90 млрд теңге, ауыл ел бесігі бағдарламасы жобаларына 70 млрд теңге қарастырылғанын айта кеткен жөн. Инфляция бұрын бекітілген 4-6% дәлізінде сақталады делінді. Депутаттар азық-түлік бағасын тежеу, инфляция деңгейін ұстауға қатысты Үкіметтің жоспарын сұрап білді.
Авторы: Индира Жылқайдарова