Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының атқарушы директоры Елбасыға атқарылып жатқан жұмыстары жайлы баяндады
Айта кетейік, оны құру туралы идеяны 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқан болатын. Кездесуде кеңестің 30 жылдығына даярлық жайы сөз болды. Биыл министрлер деңгейіндегі кездесу, ал келер жылы Кеңестің алтыншы саммиттін өткізу жоспарланған. Осы және өзге де істер арқылы кеңесті Азиядағы толыққанды өңірлік қауіпсіздік ұйымына айналдыру көзделіп отыр. Кеңеске 27 ел мүше.
Қайрат Сарыбай, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының атқарушы директоры:
- Азия кеңесінің бұл тек қана Қазақстанда ғана емес, әлем саясатында да алғашқы премьерасы болды. Келесі жылы осы бастаманың 30 жылдығын тойлайын деп отырмыз. Мәселе тек қана тойлауда ғана емес, нақты қадамдармен алға басуда, ілгерілетуде.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Тәуелсіздік алғаннан кейін бір жыл өткенде осы ұсыныспен мен Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөйлегенмін.
Қайрат Сарыбай, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының атқарушы директоры:
- Қазіргі таңда әлем саясатындағы болып жатқан жағдай күрделі сипатына қарамастан Азия құрлығында орналасқан елдер өздерінің әлем саясатындағы жаңа орнын қабылдап отыр. Соған байланысты қауіпсіздік кеңесінің де беделі сонымен бірге артып келе жатыр. Азия құрлығындағы елдер қалай бір-бірімен ынтымақтаста, қалайша әлем қауіпсіздігіне өздерінің ықпалын жасайтынын түсініп отыр. Қазіргі таңда бұл қызығушылық артып келуде. 1999 жылы басталған үрдіске 15 мемлекет қатысса, қазіргі таңда – 27.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Халықаралық ұйым. Қалай өткіземіз?
Қайрат Сарыбай, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының атқарушы директоры:
- Соған байланысты форум шеңберінде қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан институттардың жұмысын белсендіру арқылы Қазақстан төрағалығы бырсыпыра нақты қадам жасағалы отыр. Азия кеңесінің 20 жылдығына арналған министрлердің кеңесінде сіз халықаралық ұйымға айналдыру бастамасын көтерген болатынсыз. Біз оны жүйелі түрде өткізуге дайындалып жатырмыз.