Үкімет отырысы: азық-түлік пен құрылыс материалдары бағасының өсуі
Өйткені азық-түлік қорында қазір бар-жоғы 250 тоннадан астам өнім бар. Сауда министрлігі: «Сәбіз тапшылығын жою үшін Өзбекстаннан импорттаймыз», – дейді. Бірақ өзбектердің өзінде баға жыл басынан бері 55% қымбаттапты. Қазақстанға жеткенше құны еселене беретіні анық. Картоптың бағасына қатысты жағдай да осыған ұқсас. Елде картоп өсірушілер жеткілікті, бірақ өнімнің 360 мың тоннасы арзан бағамен экспортқа кеткен. Ал экспортталған өнімнің орнын толтыру үшін Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна импорттық картоп сатып алынған. Бұл отандық картопқа қарағанда үш есе қымбат. Сауда министрлігі: «Картоп экспортына тыйым салу арқылы ғана бағаны тұрақтандыруға болады», – дейді. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі де, жергілікті билік те жыл сайын осы проблеманы жоюда салғырттық танытып келеді. Тек биыл картоп алаңдарын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Көктемгі егу жұмыстарын сапалы және уақытылы жүргізу үшін қаржылай және материалдық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдер қабылданды. Енді алдағы уақытта алқаптарға күтім жасау, егін жинау жұмыстарының дайындығы бойынша маңызды жұмыстар бар. Сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. Экология министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, тез арада суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша қажетті жұмысты жүргізсін.
Жыл басынан бері елімізде құрылыс материалдары да 16% қымбаттаған. Әсіресе бетон, кірпіш, цемент бағасы шарықтап барады. Сырттан келетін шыны, арматура секілді материалдар да арзан емес. Жеткізуші компаниялар бағаның өсуін электр энергиясының, жанар-жағармайдың және теміржол желісі қызметінің қымбаттауымен түсіндіреді. Арадағы алыпсатарлардың да әсері бар екені айтпаса да түсінікті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өндірушілер мен делдалдарға 30-ға жуық хабарлама жіберіп, бағаны төмендетуді талап етті.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Құрылыс компаниялар мен отандық құрылыс материалдарын өндірушілер тарапынан спикулятивтік әрекеттерге жол бермеу қажет. Жосықсыз өнірушілер мен өнім берушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдау керек. Индустрия министрлігіне әкімдіктер мен Атамекен кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп құрылыс саласында импорт алмастыру бойынша жоспарлы жобаларды уақытында іске қосуды қамтамасмыз етуді тапсырамыз.