Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына ресми кіріскеніне екі жыл толды
Жаһанды жүрісінен жаңылдырған індет Қазақстанның да ішкі, сыртқы саясаттағы бастамаларын бір-ақ күнде басқа арнаға бұрып жіберді. Әрине, бұл жағдайлар ел тізгінін енді ғана қолға алған Мемлекет басшысының жұмысына үлкен сын болғаны рас.
Бұл Президент сайлауының ертесіне өткен баспасөз брифингі. Сайлауда басымдыққа ие болған Тоқаевпен тілдесу үшін Ақордаға жүзден аса отандық және шетелдік журналистер жиналды. Президент: «Сайлауда қарсыластарынан басым түскендігін жеңіс деп санамаймын» деп бірден кесіп айтты. Өйткені жеңіс тек әскери қақтығыстарда ғана болады, ал 70% дауыс, бұл – Қасым-Жомарт Кемелұлы үшін халық сенімінің көрсеткіші. Саясаттың қайнаған қазанынан шыққан тұлғаның саяси додада сенімге ие болуы заңды да шығар.
Тоқаев мемлекетті басқаруда қандай әдіс-тәсілді ұстануы мүмкін? Сайлаудан кейін туындаған сауалдың жауабын да халық Президенттің өз аузынан естіді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ. Реформаларды ешкімге жалтақтамай, ұдайы іске асырамыз. Бұған ешкімнің күмәні болмауы тиіс.
Билік бірден бұқараға бет бұрды. Банкке берешегі бар 500 мыңдай жанды қарыздың қамытынан босатты. Алдағы бес жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе, дәрігерлердің жалақысын екі жарым есе көтеруді тапсырды. 700 мың адам зейнетақы қорындағы жинағын кәдесіне жаратты.
Айдостың жаңа пәтерге қоныс аударғанына небәрі бір-ақ апта болды. Бұған дейін екі балалы отбасы қала сыртында, аядай бөлмеде тұрып келді. Зейнетақы қорына жылдар бойы жинаған қаражаты кәдеге жарап, елорданың қақ ортасынан баспаналы болып шыға келді.
Айдос Серікбол, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Біз негізі биыл пәтер аламыз деп ойламағанбыз. Өйткені біздің жинаған қаражатымыз аз болатын. Ойлағанбыз, тағы біраз жыл жинап, сосын қаладан үлкен пәтер аламыз деп. Аяқ астынан осындай бастама болған соң, өзіміз де білмей қалдық тез қол жеткізгенімізді.
Бұл Президент бастамалары берген оң нәтижелердің дәлелі. Десе де билік тізгінін Тоқаев ұстаған соңғы екі жыл тарихта аласапыран шақ ретінде қалары анық. Арыс апаты, Мақтаралдағы сел, Қордайдағы қақтығыс. Қатар келген осы сынақтың соңы пандемияға ұласты. Індет Қазақстанның ішкі, сыртқы саясаттағы бастамалары мен жоспарлаған бір-ақ күнде басқа арнаға бұрып жіберді. Билік дер кезінде халықты қолдау шараларын қабылдады. 4 жарым миллион адамға 42500 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. 1 миллионнан аса азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. 2 миллиондай адамның несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. 700 мыңдай кәсіпкердің салық жүктемесі азайтылды. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Экономикалық дағдарысты еңсеруге ел билігі 5 триллионнан аса теңге бөлді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Күрес әлі де жалғасуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген бойда оппозиция өкілдерін ашық диалогқа шақырды. Өзін демократиялық мемлекетпіз дейтін кез келген елде көзқарасы мен ұстанымы әр қилы партиялардың болуы заңды құбылыс. Мемлекет басшысы саяси партиялар құрудағы кедергілерді азайтып берді. Ал қазақстандық оппозицияның қаншалықты «халықшыл» екенін уақыт көрсете жатар.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі:
- Парламент сайлауына табалдырық 7%-тен 5% төмендетілетін болып отыр. Сонымен қатар «сайлау бюллетендеріне, бәріне қарсымын» деген бағана енгізілетін болып отыр. Мұнымен қоса, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы енгізіледі.
Көшеге көтеріліс үшін емес, көп пікірін жеткізу үшін шығатын бейбіт шерулердің де керек екенін жұрт Кемелұлының аузынан естіді.
Жеміс Тұрмағамбетова, Адам құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық қордың атқарушы директоры:
- Полиция адамдарды ұстап, арнайы көлікке күштеп тығуды, сөйтіп кәрі-жасты жаппай бөлімшелерге тасуды доғарды. Қазір қоғам белсенділері мен құқық қорғау органдары бейбіт жиындарды уағдаласа отырып өткізетін болды. Бұл демократияға тән көрініс.
Өткен жылдары шетелдіктерге «жер сатылады екен» деп халық өре түрегелді. Көпшілікті мазалаған бұл сауалға Президент нүкте қойды. Жерді шетелдіктерге сатпау жөніндегі шешім заң жүзінде бекіді.
Мұхтар Тайжан, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Енді мына ауыл шаруашылығына арналған жерлер, яғни Қазақстан аумағының 80% шетелдіктерге және шетел азаматтарына сатылмайды, жалға берілмейді. Ол халықтың үлкен жеңісі деп білемін.
Ұлттық кеңес көтерген түрлі мәселелерге қатысты бүгінге дейін 17 заң қабылданған. Президенттің үш жарлығы және министрлік деңгейінде 28 бұйрық шығыпты. Арасында педофилдердің жазасын күшейту, адам құқығын қорғау секілді құжаттар бар. Ал қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы бастаманың орны бөлек.
Данагүл Махат, «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының директоры:
- Бұл мемлекеттік деңгейдегі толық ақтау болғандықтан жарыққа көптеген құжаттар айналымға шығады деген ойдамын. Бізге белгісіз болып келген есімдер де ашылуы тиіс. Ашаршылықтың, қуғын-сүргін құрбандарының бізге беймәлім беттерін осы комиссия ашып беруі тиіс.
Халыққа керегі құрғақ уәде емес, нақты нәтиже. Мемлекет басшысы өзін уәденің адамы екенін айналасына бірнеше рет ескертті. Реформаның тек реформа үшін жасалмайтынын да о баста айтқан еді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Аманжол Байғазин, Айдос Ентебеков