Үкімет өндірісте еңбек ететін адамдарды қорғауды басты назарға алды
Тек қоршаған ортаны емес, өндірісте еңбек ететін адамдарды да қорғау басты назарда. Мәселен, олардың жарақаттану фактілерін 10% төмендету қажет. Үкімет отырысында осы мәселелер сөз болып, нақты іс-қимыл жоспары бекітілді. Жиында елдегі эпид-ахуал да назардан тыс қалмады. Жағдай жақсарған, бірақ босаңсуға да болмайды.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Иә, шынында да еліміздегі жалпы эпид-ахуал жақсарып келеді. Тәулігіне вирус жұқтырушылар саны мыңнан төмендеді. Бұл – қуанарлық жағдай. Бірақ әлемде COVID-19 вирусының үшінші толқыны болады деген қауіп бар. Мамандар осыған алаңдаулы.
Әсіресе вакциналау деңгейі баяу елдерде вирусты жұқтыру көрсеткіші күрт артқан. Алысқа бармай-ақ қояйық, көрші Ресей мен Қырғызстанда коронавирустың таралу көрсеткіші өткен жылдан да асып түскен. Сондықтан бізге де сақтық шараларын ұмытпаған абзал.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Бүгінгі күні 2,5 млн адам вакцинаның бірінші, 1,4 млн адам екінші компонентін алды. Денсаулық сақтау министрлігімен әкімдіктер жағдайды бақылауда ұстауы қажет. Қосымша алдын алу шараларын қабылдау керек. Бірінші кезекте бұл – вакцинамен қамтуды ұлғайту.
Денсаулықпен қатар еңбек адамын қорғау мәселесі де жиынға арқау болды. Тек сөзбен шектелмей қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары бекітілді. Ол қазіргі статистиканы өзгертуі тиіс. Тек осы жылдың бес айында республика кәсіпорындарында жазатайым оқиға салдарынан 564 адам зардап шеккен. Өндірістік жарақат алудың жоғары деңгейі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында сақталуда. Көрсеткіш Қостанай және Павлодар облыстарында төмендеген. Бүгін бекітілген құжат жарақаттану деректерін 10%, денсаулыққа зиянды ортада жұмыс істейтін адамдар санын 20% төмендетуге ықпал етеді деп болжануда.
Адамның қауіпсіздігі үшін қоршаған ортаны қорғау да өзекті. Бұл бағытта да ауқымды жоспар жасалған. Елімізде алдағы 5 жылда 2 млрд ағаш отырғызылмақ.
Ерлан Құтпанбаев, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а.:
- Егілетін ағаштың түрлері: сексеуіл ағашы шамамен 610 миллион дана, қарағай ағашы 555 миллион дана, үйеңкі ағашы 193 миллион дана, шегіршін ағашы 132 миллион дана, қайың ағашы 100 мың данадан астам. Осы ағаштардың бәрін отырғызу керек. Биылдың өзінде 81,5 миллион ағаш ҚР орман қоры жерлерінде отырғызылды.
Экологияны жақсарту дегенде бәрі тек ағашқа байланысты емес. Электр көлігіне көшу, өндірісті, қоқыс полигондарын жаңғыртудың да өзіндік жоспары жасалған.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Осы игі істер еліміздегі ауаның ластану деңгейін біртіндеп төмендетуі тиіс. Әсіресе қаладағы жағдай мүшкіл. Топ ондықта Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, мен Балқаш, сондай-ақ Өскемен, Жезқазған, Шымкент қалалары тұр.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Мейрамбек Ахмаханов