Мәулен Әшімбаев аграрлық саланы дамыту мәселесіне баса назар аударды
Шаруа қожалықтарының бірін аралаған ол агрохолдингтің демонстрациялық алқабы мен ауыл шаруашылық техникаларының жұмысына көңіл бөлді. Палата Спикері Президенттің ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлетініне тоқталды. Сенаторлар да ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту, ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін жиі көтеріп жүргендігі де тілге тиек етілді. Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев елді алаңдатып отырған қуаңшылық мәселесіне назар аударып, соның кесірінен кей өңірде болып отырған мал шығынына қатысты да Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті шаралар қабылдау керектігін айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Биыл еліміздің Маңғыстау, Қызылорда, және басқа да облыстарда Алматы облысында қуаңшылық белең алып тұрғанын бәріміз көріп отырмыз. Бұл – дабыл қағарлық жағдай, соның салдарынан қазір шабындықтар мен егістіктердің жағдайы өте нашар. Сондықтан Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті әкімдермен бірлесіп, тиісті шараларды жедел түрде қолға алуы қажет деп есептейміз.
Сенат спикері жұмыс сапары барысында әлеуметтік кәсіпкерлермен де кездесті. Ол елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау үшін аса маңызды қадам жасалғанын айтты. Сенат спикері салада қабылданған арнайы заңға сай әлеуметтік кәсіпкерліктің экономикалық дамудағы рөлі арта түскеніне тоқталды. Құжатқа сенаторлар бастамашылық еткен.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Бұл заңда әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың нақты шаралары анықталды. Салықтық жеңілдіктер мен несиенің үстеме ақысын субсидиялау және жалдау құнын төлеу сияқты қаржылай қолдаулар қарастырылған. Мемлекет меншігіндегі ғимараттарды жеңілдікпен жалға беру мүмкіндігі де назарға алынды.
Жеңісгүл Дәулетова, әлеуметтік кәсіпкер:
- Бұл заң бойынша қарастырылып жатыр. Мен өткенде әкімшілікке барғанда айттым: «Сіздерден аспаннан ешнәрсе сұрамаймыз», – деп, Президентіміз ұсынғандай, қай жерде мүмкіндік бар, мен мысалы, Шеберлер орталығын ашқым келеді. Ауыл тұрғындары, қала тұрғындарына жұмысты бөліп беруді армандаймын.