Мемлекет басшысы VI Шығыс экономикалық форумының пленарлық мәжілісіне қатысты
Бұл туралы Мемлекет басшысы VI Шығыс экономикалық форумында айтты. Форум Ресейдің қиыр шығысы Владивосток қаласында өтіп жатыр. Президент оған бейнебайланыс арқылы қосылды. Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына Қазақстанның транзиттік, ауыл шаруашылық әлеуеті туралы айтты.
«Қазақстанның Азия-Тынық мұхит аймағына шығуға географиялық жағынан мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Шығыс экономикалық форумы біз үшін маңызды алаң. Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел ретінде өзінің аталған аймақпен қарым-қатынасын күшейте түседі», – деп мәлімдеді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұндай қадам еліміздің Азиядағы серіктестерімен арадағы байланыстарға зор мән беретінін көрсетеді. Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық орнату – Қазақстанның еуразиялық стратегиясының негізгі элементі. Осы аймақтағы өзге елдерді де біз маңызды инвестициялық әрі сауда серіктеріміз деп санаймыз.
Дегенмен Қазақстан үшін Азия-Тынық мұхиты аймағы жабық нарық емес. Мұнда Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея секілді маңызды серіктеріміз бар. Олардың біздің экономикаға салған инвестициясы осы жылдар ішінде 30 млрд доллардан асады. Ал Қазақстанның бұл өңірмен арадағы тауар айналымы былтыр 43 миллиард доллардан асқан. Соның 94% Ресей, Қытай және Корея елдеріне тиесілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сауда-саттықты одан әрі дамытып, оның географиясын кеңейту үшін әлеуетіміз жетеді деп санаймын. Осы ретте әлемдік сауда-экономикалық қоғамдастықта маңызды орын алуға уәде беріп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың рөлін ерекше атап өту керек.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, экономикалық байланыстарды күшейте түсу үшін көлік инфрақұрылымын құру қажет. Бұл ретте әрине, Қазақстанның транзиті туралы айтпай кетуге болмас. Өткен жылдың өзінде біздің ел арқылы жүк тасымалы 17% артқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – инфрақұрылымды дамытудың ауқымды жоспарын іске асырудың нәтижесі. Біз бұл жобаны 10 жыл бұрын бастадық. Оны жүзеге асыру үшін 30 миллиард доллардан астам қаражат бөлінді. Бұл Азия мен Еуропаны жалғайтын 5 жаңа теміржол және 6 автомобиль бағытын ашуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Ақтау порты жаңғыртылып, Каспийде жаңа Құрық порты салынды. Атап өту керек, осы саладағы біздің ұлттық жоспар Еуразиялық экономикалық одақтың қызметімен және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен тиімді ұштасып жатыр. Қазақстан транзиті өзінің экономикалық тұрғыдан тартымдылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру ісін жалғастыра береміз. Атап айтқанда, ҚХР-мен арадағы транзиттік қатынастарды кеңейту үшін «Достық – Мойынты» жаңа темір жол бағытының құрылысын бастаймыз. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады.
Ортақ мүдде – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Көрші Ресеймен тиімді әрі сенімді серіктестіктің мысалын Президент өзі келтірді. Мысалы, қазір Чукоткада қазақстандық «ҚазМинералс» компаниясы кен өндіру комбинатын салып жатыр. Президент табысты жүзеге асып жатқан жобаларды айта келе, өзге президенттерді жаһандық проблемаға назар аударуды сұрады. Ол – азық-түлік қауіпсіздігі. «Бұл ретте Қазақстанның аграрлық әлеуеті өте зор», – деп қосты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздегі аграрлық өндіріс көлемі 15 млрд доллардан асады. Өнімнің 20% - дан астамы сыртқы нарықтарға жеткізіледі. Біздің нарықта жұмыс істейтін әлемдік ірі брендтер саны ұлғайып келеді. Таяудағы бес жыл ішінде біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есеге - $7 млрд-қа дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, оның 70% өңделген өнім болады.
Президент баяндама барысында Атом электр станциясының құрылысы туралы да айтып өтті. «Бұл мәселеде бәрінің пікірі ескеріледі», – деді ол. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, елеулі технологиялық прогресс пен тұрмыс сапасының артуына қарамастан, қауіпсіздік тұрғысынан әлем одан сайын әлсіз бола түскенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Еуразия – «біздің ортақ үйіміз» деген ұстанымды қолдайды. Біз барлық сала бойынша сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Керемет құрлығымыздағы мемлекеттер өзара тиімді сауда-саттық пен экономикалық қарым-қатынас арқылы ортақ әрі жарқын болашақ идеясы жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қоғамдастық бола алар еді. Мұндай әдіс өңірлік және жаһандық кооперацияны дамытуға, экономикадағы өсімнің жаңа көздерін қалыптастыруға тың серпін беретіні сөзсіз.
Форум онлайн өтсе де, Қазақстан мен Ресейге маңызды келісімге келуге кедергі болған жоқ. Қазақстан Үкіметі мен СБЕР компаниялар тобы арасында меморандумға қол қойылды.
Владимир Путин, РФ Президенті:
- Бүгінгі бірлескен жұмыстар жемісті әрі нәтижелі болады деп санаймын. Бұл елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы толыққанды әрі маңызды серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Бұл меморандумның маңыздылығын Қазақстан Президенті де атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин серіктестіктің өзге де тұстарын Өңіраралық ынтымақтастық форумында талқылауға келісті.
Авторы: Гүлжан Марқабаева