Қ. Тоқаев: Ауғанстандағы қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз
Олардың ішінде Ұлыбритания, Испания, Германия, Эстония мен көрші Қырғыз елінің дипломатиялық өкілдері бар. Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерге жақында жариялаған жолдауындағы экономикалық реформалар туралы айта келе, Covid-19 пандемиясымен күрес кезінде халықаралық серіктестерімен ынтымақтастығын атап өтті. «Еліміз тиімді, ең бастысы, қауіпсіз вакцина жасап шығарды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алғаннан кейін біз оларды шетелдерге жеткізе аламыз», - деді Президент. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты қабылданған шешімдер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауғанстандағы шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін Қазақстан шетелдік серіктестерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді. Біз, ең алдымен, сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз еттік. Енді біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз. Гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес, ауғанстандық 57 студенттің білім беру визаларын ұзарттық. Сонымен қатар бортында шетел азаматтары бар ұшақтарға жанармай құю үшін транзиттік әуе дәліздері мен қону алаңдарын ұсындық. БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі агенттіктерінің қашықтағы уақытша кеңсесі Алматы қаласына орналастырылды.