Президент моноқалалардағы халықтың мұң-мұқтажымен танысты
Өңір әкімдерінің басын қосып, моноқалаларда тұратын 1,5 миллион тұрғынның мәселесін талқылады. Жиырма жыл бұрын ел аумағындағы 27 шағын қалада 3 миллионнан астам халық тұрса, қазір үдере көшіп жатыр.Тіпті моноқалаларды дамытуға арналған бағдарламаның өзі олардың аяқтан тік тұруына көмектесе алмады.
Бірақ ең ірі үш моноқаланың бірі саналатын Екібастұздың дамуы ел Үкіметінің назарында тұр. Таяуда қаланың даму жоспары бекітілді. Соған сәйкес Екібастұзда арнайы өндіріс аймағы құрылмақшы. Президент теміржол жабдықтарын шығаратын цехтың ашылуына да қатысты. Сондай-ақ моноқалалардағы халықтың мұң мұқтажымен танысты.
Екібастұзға келіп, елмен тілдескенде көз жеткізгеніміз осы. Шағын қалаларда кездесетін шикіліктер мұнда да аз емес екен. Жергілікті халықтың бәрі бірдей күнкөрісіне көңілі толып тұрған жоқ. Бірін әлеуметтік жағдай алаңдатады, енді бірін қаланың инфрақұрылымы мазалайды. Өйткені су, жылу құбырлары мен электр желісінің 80% әбден тозған. Қаланың жеке секторында жөні түзу жол да жоқ. Әкімдік тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамти алмай отыр. Осы сандардан-ақ Екібастұздағы өмір сүру деңгейін көруге болады.
Ардақ Қаңтарбаев, Екібастұз қаласының әкімі:
- Әрине, шешілуі керек мәселе көп, әсіресе қаланың ішкі құбырлары, инфрақұрылым. Бәрі қаражатқа байланысты. Сондықтан тек республикалық бюджеттен ақша тартпай, жергілікті жердегі өндіріс орындарын көбейтіп, кәсіпорындары дамытып, соның салығы арқылы кіріс деңгейін көтеруіміз керек. Ең басты мәселе осы.
Президенттің моноқалаларды дамыту жөніндегі республикалық жиынды осында келіп өткізуі тегін емес. Өйткені қыркүйек айында ғана Үкіметте Екібастұзды дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілген болатын. Моноқалаларды дамыту жөніндегі бағдарлама тек Екібастұздың емес, барлық шағын қаланың түйінді мәселесін толық тарқатып бере алмады Президент аталған құжатта нақты ұстаным мен ортақ пікір болмағанын айтты. Қыруар қаржы бөлінген бағдарламаның нәтижесі, міне, мынандай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі күні моноқалалардың инженерлік инфрақұрылымы өте мүшкіл. Арқалық, Балқаш, Шахтинск, Теміртау қалаларында сумен жабдықтау желілерінің 90% тозған. Кей қалаларда жылу желілері мен электр желілерінің 85% ескірген. Автомобиль жолдарының тең жартысы қанағаттанарлық күйде емес. Елдегі 27 моноқаланың әрқайсысының даму барысы әртүрлі. Бірінің экономикалық өсуі тұрақты болса, енді бірі тоқыраудың алдында тұр.
Елімізде 27 моноқала бар. Олардың ішіндегі нарыққа бейімделе алғандары ғана экономикасын әртараптандырып, аяқтан тұрды. Бірақ еңсесін тіктей алмай отырғандары әлі бар. Президент жауапты әкімдерге: «Барлық моноқаланың жағдайын зерттеп, арнайы талдау әзірлеу керек», - деді. Ол келер жылдың наурызына дейін аяқталуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шалғайдағы ірі моноқалаларды елдің басқа аймақтармен байланыстыру үшін стратегиялық көлік қатынасын орнату керек. Мен 2023 жылы Нұр-Сұлтан – Алматы жолын жаңғырту жұмысын аяқтауды тапсырдым. Бұл Балқаш қаласының әлеуетін айтарлықтай арттырады. Ал 2024 жылы Жезқазған – Қызылорда тасжолының құрылысы аяқталуға тиіс. Бұл Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының сауда-көлік байланысын нығайтып, жүк транзитін арттырады.
90-жылдары моноқалалардағы халық саны 3 миллионнан асып жығылатын. Қазір 1,5 миллион адам ғана қалды. Өкінішке қарай, үдере көшкен халықты тоқтату мүмкін болмай тұр.
Сондықтан Президент: «Даму әлеуеті төмен моноқала тұрғындарының өңіраралық қоныс аударуына жағдай жасау», - керек деді. Яғни әлеуеті төмен қалалардан болашағы бар өңірлерге өз еркімен қоныс аударған жандарға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілмек. Атап айтқанда, бірреттік қаржылай қолдау беріледі, баспаналы болуына жағдай жасалады. Жұмыспен қамту мәселесі де шешілуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Болашағы бар қалаларға қоныс аударған азаматтарға бірреттік қаржылай қолдау көрсетіліп, баспаналы болуына жағдай жасалуы керек. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына даму әлеуеті төмен моноқалаларға арналған жеке бөлім енгізу қажет. «Отбасы Банкі» мұндай азаматтар үшін бастапқы жарнасы 10%, сыйақы мөлшерлемесі 2-5% болатын жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама қарастыруға тиіс.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Моно қалалардың экономикасын әртараптындыру, шикізаттық емес секторды құру үшін 79 жоба іске асырылды. Ағымдағы жылы 1500 жұмыс орнын құрып, 302 млрд теңгеге 14 жоба пайдалануға берілуде.
Шағын қалаға шағын бизнесті алға сүйрейтін ауқымды жобалар керек. Бірақ біздегі моноқалаларда жұмыс істеп тұрған жобалардың көбі 2017 жылға дейін ашылған нысандар екен. Алдағы уақытта 30 шақты кәсіпорын іске қосылуы керек, бірақ олардың өзі әлі де жобалау үстінде. Ал Ақтөбе, Алматы облыстарының жоспарында тіпті бірде-бір жоба жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көп моноқала үшін тау-кен өндірісі қала құраушы кәсіпорын болып саналады. Сондықтан жер қойнауын геологиялық барлауға басымдық беру керек. Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау және Балқаш моноқалаларындағы перспективалы аумаққа назар аударған жөн. Ал Екібастұз – бүкіл елдің отын-энергетикалық орталығы. Сол үшін ГРЭС-1 энергоблоктарын жаңғырту жұмысын 2023 жылы, ал ГРЭС-2 стансасындағы үшінші блоктың құрылысын 2024 жылы аяқтауды тапсырамын.
Екібастұз – елдегі ең ірі үш моноқаланың біреуі. Қазақстан көмірінің тең жартысы осында өндіріледі. Электр энергиясының 26% беріп отыр. Бірақ көмір мен энергияның есебінен түсетін табыс қаланың мәселесін толық шешуге жетпейді. Сондықтан облыс басшылығы қаланың экономикасын әртараптандыруды қолға алып отыр. Мысалы, бұл – Екібастұздағы отандық теміржол кластерін қолға алған алғашқы өндіріс орны. Құрамына бес кәсіпорын кіреді. Шойын жолға қажет жабдықтардың рельстен өзгесінің бәрін осы кәсіпорындар шығарып отыр. Оның ішінде жоғары салмақты жүк көтеруге арналған дөңгелектер бар.
Марат Темірғали зауыттың бас конструкторы:
- Бұрын Қазақстан теміржол қажеттілігін шетелден келген дөңгелектермен қамтамасыз етсек, бүгінгі таңда бұл қажеттілікті өзіміздің өніммен жаптық деп айтуға болады. Сапасы басқа елдердікінен кем емес. Себебі әлемнің ең үздік құрылғыларында өндіріледі.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Қазақстанда шығарылған өзіміздің отандық дөңгелектер осы. Таза болаттан құйылған. Қазіргі күні еліміздегі бүкіл жүк пойызы мен жолаушылар вагонында және метрода дәл осы өзіміздің отандық өнім қолданылып жүр. Зауыт жылына 300 мыңдай дөңгелек шығарса, соның тең жартысы экспортқа жөнелтіледі. Міне, дәл қазір «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар дөңгелектер көрші Ресейге жөнелтіліп жатыр.
Президенттің қатысуымен кәсіпорынның жаңа цехы іске қосылды. Рельске қажет жабдық шығаратын кәсіпорын заманауи құрылғымен жабдықталған.
Ғазиз Мәліков, зауыт жұмысшысы:
- Бұл станок бес адамның жұмысын атқарады. Секундына екі клемма шығарады. Клемманы біз рельстерді бекітуге қолданамыз. Станок ешқашан қателеспейді. Бұл – Қазақстан Республикасындағы жалғыз станок.
Президент сапар аясында облыстағы кадрлық резервке ілінген жастармен де кездесті. Арасында осалы жоқ. Бәрі – өз саласының кіл мықтылары. Бірі индустрия, бірі қаржы, енді бірі құқық қорғау саласында еңбек етіп жүр. Облыс, аудан әкімдіктерінде жауапты міндет атқарып жүргендері де бар.
Аян Бейсекин, Ертіс ауданының әкімі:
- «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында біраз өзгеріс болып жатыр. Жол су мәселесі шешіліп жатыр. Халық та риза.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Дулат Ентебеков, Әлібек Әлиев