Қ. Тоқаев: 2023 жылға қарай мұнай экспортын 80 миллион тоннаға жеткізу керек
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий құбыры консорциуымының 25 жылдығына арналған шарада осылай деді. Президент дәл осы желі арқылы қазір жылына 67 млн тонна қара алтын тасымалдауға болатынын айтады. Алдағы екі жылда оның қуатын 80 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы тың жобаның тынысын кеңейтуге Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сынды кен орындары септігін тигізді дейді. Сөз жоқ, Каспий құбыры консорциуымы Қазақстанның мұнай-газ секторын дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны анық. Шара кезінде Президент салаға еңбегі сіңген бірқатар азаматқа орден, медалдер табыстады.
25 жылдық тарихы бар фотосурет. Мұнай құбыры құрылысының алғашқы тасы қаланған күні түсіріліпті. Тарихи оқиға сол кездегі елдің вице-Премьері Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті.
Вагит Алекперов, «Лукойл» мұнай компаниясының президенті:
- Президент мырза, осы құбыр арқылы қазақ мұнайының алғашқы легі тасымалданған кезде өзіңізбен бірге куә болдық. Сол үшін өзімді бақытты сезінемін. Содан бергі 25 жыл бойы қазақстандық мұнайшылардың ерен еңбегіне көз жеткізіп келеміз.
Атыраудан шығатын мұнай құбыры Ресейдің төрт облысын басып өтіп, Каспийдің қара алтынын Қара теңізге дейін тасымалдайды. Ұзындығы мың жарым шақырым. Соңғы 20 жылда осы құбыр Қазақстанның 750 млн тонна мұнайын әлемдік нарықтарға жеткізді. Осылайша, елдегі мұнайдың 60% шығаратын Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған секілді ірі кен орындарын игеруге тың серпін берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл саланы дамыту үшін шетелден ауқымды инвестиция тартылып, озық технология енгізілді. Біздің еліміз әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы мемлекеттердің қатарында. Қазір жылына 90 миллион тоннаға дейін мұнай өндіреміз. Өнімді сыртқа шығаратын Каспий құбыр желісінің салынуы мұнай-газ секторын дамытуға айрықша ықпал етті.
Консорциум – мұнай тасымалдау саласындағы халықаралық мегажобаның бірегейі. Құрамына 11 акционер кіреді. Арасында «Шеврон», «ЭНИ», «Лукойл», «Шелл» секілді алыптар бар. Былтыр консорциум акционерлердің барлық қарызын өтеп, өзінің қаржы тұрақтылығын дәлелдей алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Оның өткізу қабілеті шамамен 2,5 есе артып, жылына 67 миллион тоннаға дейін жетті. 2023 жылға қарай 80 миллион тоннаға жеткізу жоспарланған. Консорциум шетелдік инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтастығымыздың символына айналды. Жобаны Қазақстан мен Ресей бірлесе жүзеге асырды. Соның арқасында екі елдің мұнай тасымалы саласындағы серіктестігі нығая түсті.
Александр Новак, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары:
- Осы уақыт аралығында ол өзінің стратегиялық тұрғыдан маңызды екенін дәлелдей білді. Қазіргі уақытта аталған құбыр желісі – Каспий теңізіндегі мұнайды әлемдік нарыққа шығарудың ең қысқа әрі сенімді бағыты. Оның құрылысына ең заманауи жабдықтар қолданылды.
Жиында Президент Каспий құбыры консорциумының бірқатар ардагері мен қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Құбырдан қара алтының үзілмеуі – алдымен осы жандардың еңбегі. Президент оларға ризашылығын білдіріп, табыс тіледі.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Алмас Омарғалиев