Қ. Тоқаев: біз әрбір инвесторды жеке әрі кешенді түрде қолдаймыз
Өткен жылы жаһандық экономикаға тартылған шетелдік тікелей инвестиция көлемі 35%-ке қысқарып, 1 трлн долларға әрең жеткен. Бұл – соңғы 16 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Демек, әлемде инвестицияға сұраныс күшейе түседі. Қазақстан бұдан қалыс қалмауы тиіс.
Бұл отырғандар – жаһандық экономикада ойып тұрып орын алатын инвестициялық компаниялардың жетекшілері. Әрқайсысының қор активі – триллиондаған АҚШ долларынан асып жығылады. Мысалы, штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан «Блэк рок» – әлемдегі ең ірі инвестициялық компаниялардың бірі. Инвестицияны қайда салу керек, қалай игеру керек? Бүге-шегесіне дейін біледі. Сондықтан мұндай меймандарды тыңдау керек және тыңдата алу да өте маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл саладағы жүйелі әрі жан-жақты жұмыстар бізді Орталық Азиядағы ең ірі, посткеңестік кеңістікте жылдам дамып келе жатқан экономикалардың біріне айналдырды. Тәуелсіздік жылдары шетелден 370 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарттық. Мемлекет инвесторларды барлық жағынан қолдауға басымдық береді. Біз әрбір инвесторды жеке әрі кешенді қолдау қағидатын енгіздік.
Инвестиция дегініміз – игілік. Сондықтан шетелдік инвесторлар кеңесіне Президенттің өзі төрағалық етіп отыр. «Қазақстан аймақтағы ең ірі капитал нарығына айналды», - деп мәлімдеді Президент. Биылғы жылдың жарты жылында елге тартылған шетелдік инвестиция көлемі 30,4% өсіп, 11 млрд АҚШ долларынан асқан. Ендігі міндет – құнды қағаздар нарығын дамыту, шетелдік портфельді инвесторларды елге әкелу.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық банк негізгі қаржылық реттеуші ретінде қор нарықтарын одан әрі дамыту жолында белсенді жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда бұл саланың құқықтық және инфрақұрылымдық бағыты жетілдірілген. Елімізде екі қор биржасы – Алматыдағы KASE және Астана халықаралық қаржы орталығы табысты қызмет атқарып келеді.
Компания жетекшілері елдегі инвестициялық ахуал туралы Президентке тікелей айтты. Солардың бірі – Luxor Capital компаниясының жетекшісі.
Дуглас Снайдер, Luxor Capital компаниясының жетекшісі:
- Біздің компания, біріншіден, Сіздің елдің капитал нарығына кіруге шешім қабылдағанына, екіншіден, инвестиция салғанымызға еш өкінбейміз. Біз сіздің еліңізді, оның нарығын әрі қарай зерттеуді жалғастыра береміз. Болашақта бізді сәтті серіктестік күтіп тұр деп сенемін.
Қазақстан инвесторларды барлық жағынан қолдап келді, қолдай да береді. Бұл ұстаным еш өзгермейді. Бүгінгі алғашқы кездесу – пікір алмасуға тамаша мүмкіндік. Тараптар тұрақты кездесіп тұруға уағдаласты.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Айдос Ентебеков